Шымкент: мәдениет мекемесінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы сенбілікке белсенді қатысты

Шымкент қаласында ел аумағында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде жалпықалалық сенбілік өтті. Қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған бұл игі бастамаға Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы және оған қарасты мекемелердің қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.

Сенбілік жұмыстары Абай ауданына қарасты Нұршуақ шағынауданындағы Тұраркент және Жиренкөл көшелерінде, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің аумағында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау идеясын дәріптеу болды.

Ауқымды шараға 700-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде 411 қызметкер өздеріне қарасты мәдениет мекемелерінің ішкі және сыртқы аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар 289 қызметкер қалалық сенбілік аясында қоғамдық аумақтарда еңбек етті.

Іс-шара барысында 5 арнайы техника (жүк көлігі, трактор, тиегіш техника және т.б.) жұмылдырылып, тазалық жұмыстарының тиімді әрі жылдам жүруіне жағдай жасалды.

Сенбілік барысында арамшөптер ору, қураған бұталарды жинау, қоқыс полигондарына тасымалдау, ағаш бұтақтарын кесу және саябақтар мен көшелерді абаттандыру жұмыстары атқарылды. Жалпы есеппен 12 тонна қоқыс шығарылды, оның ішінде 6 тоннасы мәдениет мекемелерінің аумағынан, ал қалған 6 тоннасы қоғамдық орындар мен көше бойларынан жиналды.

Мәдениет саласының қызметкерлері бұл сенбілікті қоғамдық сана мен жауапкершілікті арттыратын, ұрпаққа үлгі болатын игі іс ретінде қабылдады. Олар үшін мәдениетті тек сахнада ғана емес, қоғамдық кеңістікте де көрсету – міндет. Сенбілікке қатысушылар табиғатты аялау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс деген пікірде.

«Таза әрі жайлы қала – бәрімізге ортақ үйіміз. Біз, мәдениет саласының мамандары, өз еңбегімізбен Шымкенттің экологиялық келбетіне үлес қосуға дайынбыз. Мұндай шаралар ел бірлігін, ортақ мүддеге деген жауапкершілікті арттырады», – дейді сенбілікке қатысушылардың бірі.

«Таза Қазақстан» акциясы ел бойынша экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Шымкент қаласы бұл бағытта белсенділік танытып, мәдениет қызметкерлері үлгілі ісімен елге өнеге көрсетті. Мұндай ауқымды сенбіліктер тек тазалық үшін ғана емес, қоғамдық ынтымақ пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ретінде үлкен мәнге ие.

Таза қала — ұлттың келбеті, ал мәдениетті азамат — қоғамның тірегі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *