Шымкент: Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысты

Шымкент қаласында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұжымы да белсенділік танытты. Мекеме қызметкерлері қаланың көркеюіне, санитарлық тазалығына және экологиялық мәдениеттің артуына өз үлестерін қосып, сенбілікке бір кісідей жұмылды.

Сенбілік аясында орталық аумағы мен оған іргелес жатқан көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, қоқыстар жиналды, қураған шөптер мен бұталар алынды, айнала абаттандырылды. Бұл шара табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және туған өлкені қадірлеу сезімін ұялатуға бағытталған.
Мекеме қызметкерлері бұл бастаманы зор ықыласпен қолдап, тазалық пен тәртіптің — мәдениетті қоғамның айнасы екенін көрсетті. Өз еңбектерімен олар елдің экологиялық болашағына бейжай қарамайтындарын дәлелдеді.

Орталық ұжымы бұл экологиялық бастаманың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Ата-бабадан келе жатқан табиғатқа деген құрмет пен жанашырлық қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында терең орын алған. Сол асыл құндылықтарды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, тәжірибе арқылы жеткізу – мәдениет саласы мамандарының басты міндеттерінің бірі.
«Біз үшін бұл сенбілік тек тазалық шарасы ғана емес. Бұл – табиғатты аялаудың, туған жерге жанашырлық танытудың нақты көрінісі. Жас ұрпақ бізден үлгі алуы тиіс», – дейді орталық қызметкерлері.

Бұл сөздер елдің әрбір азаматына ой салып, қоршаған ортаны қорғау – тек бір күндік емес, күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін көрсетеді. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының сенбілікке қосқан үлесі – осы ортақ мақсатқа жетудегі тағы бір нақты қадам болды.
Қалалық сенбіліктер осылайша тек қоқыс тазалау ғана емес, бірлік пен ұйымшылдықты, елге, жерге деген сүйіспеншілікті көрсететін тәрбиелік мәні зор іс-шараға айналып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *