Бүгін Шымкент қаласының Абай саябағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты. Қоғамды тазалық пен ұқыптылыққа үндейтін бұл бастама мегаполисте кеңінен қолдау тауып отыр.
Акцияға AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы, Тұран ауданы әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттары, атқарушы хатшылар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар, сонымен қатар ардагерлер мен жастар қатысты. Жалпы саны 100-ден астам адам бірігіп, қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысты.
Іс-шара барысында саябақ аумағындағы қоқыстар жиналып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырланды, ағаштар түбіндегі қалдықтар тазаланды. Сонымен қатар, 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, қалдықтарды шығару жұмыстары жүргізілді.
Тұран ауданының төбе биі Сембек Битайұлы бүгінгі акцияның мән-маңызына ерекше тоқталып өтті:
«Тазалық — иманның жартысы. Бұл шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді, бұл — сана тазалығының бастауы. Әсіресе жастар үшін мұндай акциялар – үлкен тәрбие мектебі. Әр адам өз айналасын таза ұстаса, қоғам да тазарады».
Шараға қатысқан ардагерлер мен қоғам белсенділері, жергілікті коммуналдық мекеме қызметкерлері — бәрі бір мақсатта жұмылып, өз үлестерін қосты. Еңбекпен біріккен бұл қозғалыс қала тұрғындарына тазалықтың үлгісін ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің де маңызын көрсетті.
AMANAT партиясы қалалық филиалының өкілдері бұл игі бастаманың алдағы уақытта да тұрақты жалғасатынын жеткізді. Айтуларынша, «Таза бейсенбі» тек бір күндік акция емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді жоба.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы бері Тұран ауданы аумағында 20-дан астам ірі сенбілік пен экологиялық акциялар өтті. Оның ішінде:
-
саябақтар мен скверлердің тазалығы,
-
қоғамдық мекемелердің айналасы,
-
өзен-көл арналары мен каналдар тазаланды.
Бұл іс-шаралар барысында қоқыс шығару, көгалдандыру, ағаш отырғызу және бұлақ көздерін тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Жергілікті жастар, еріктілер мен тұрғындар да белсене қатысып келеді.
«Таза бейсенбі» — бұл тек санитарлық тазалау жұмыстары емес. Бұл — тазалықты өмір салтына айналдыруға бағытталған қоғамдық қозғалыс. Адам мен табиғаттың үйлесімде өмір сүруіне ықпал ететін мұндай бастамалар экологиялық тәрбиенің негізін қалайды.
Шымкент қаласы бұл бағытта өз үлесін қосып келеді. Қала көшелерінің, аулалары мен саябақтарының тазарып, көркейе түсуі – осы сияқты азаматтық белсенділік пен ұйымшылдықтың нәтижесі.
Таза қала – ұлттың мәдени көрінісі. Ал мәдениет – сана тазалығынан басталады.