ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – студенттер арасында құқықтық мәдениетті нығайту, заманауи қауіптер мен тәуекелдерге қатысты олардың хабардарлығын арттыру және заңға құрметпен қарауды қалыптастыру.

Аталған кездесуге құқық қорғау және дін саласының білікті мамандары шақырылды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Қабыл Сұлтан Абзалұлы, Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Шамуратов Алихан Дилмуратұлы, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Төлегенов Сәбит Төлепбергенұлы, аудан прокуратурасының прокуроры Алимбеков Асқар Тұрдымұратұлы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал Исабеков Ақжігіт Қалтайұлы дөңгелек үстелге арнайы қатысып, мазмұнды баяндама жасады.

Кездесу барысында студенттерге құқықбұзушылықтың алдын алу, әсіресе жастар арасында жиі кездесетін құқықтық жауапкершіліктер, интернет алаяқтық, лудомания (ойынқұмарлық), кибербуллинг және кереғар діни ағымдардың зардаптары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар бұл мәселелердің қоғамға тигізетін кері әсерлерін ашық айтып, олардың алдын алу жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді.

Спикерлердің айтуынша, бүгінде интернет алаяқтық, жалған ақпарат тарату және әлеуметтік желі арқылы заңсыз әрекеттерге итермелеу жағдайлары жиілеп барады. Осыған байланысты студенттерге онлайн кеңістіктегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, бейтаныс сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерді құпия ұстау керектігі баса айтылды.

Дөңгелек үстел барысында жастар мамандарға сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасты. Жиын еркін форматта өтіп, студенттер мен қонақтар арасында ашық диалог орнады.

Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық сауатты жастар – заңға бағынатын, парасатты қоғамның негізі. Сондықтан да оқу орындарында құқықтық тәрбие беруді күшейту – уақыт талабы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *