Қаратау ауданында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданында 2025 жылы абаттандыру жұмыстары кең көлемде атқарылып, халық игілігіне бағытталған бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауданның көркейіп, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында қолға алынған.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Қаратау ауданында 49 жоба іске асыру жоспарланып, оның 31-і толық аяқталды. Бұл – тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, бірлесе атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі.

Абаттандыру жұмыстарының маңызды бағыты – балалар мен жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту. Бүгінде аудан аумағында 239 балалар ойын алаңы және 109 спорт алаңы бар. 2025 жылы тағы 27 жаңа балалар ойын алаңын орнату жоспарланған болса, қазіргі таңда оның 19-ы пайдалануға берілді. Қалған 8 алаң жыл соңына дейін толық іске қосылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, биыл 3 жаңа спорт алаңы салынып, бұрыннан бар 4 спорт нысаны жөндеуден өтті. Бұл – аудан жастарының салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді өткізуіне жасалып жатқан жағдайдың айқын дәлелі.

Гүлзарлар мен қоғамдық демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Жыл бойы аудан аумағында 12 жаңа гүлзар салынды. Атап айтқанда, «Тұран», «Сайрам», «Нұртас», «Шапырашты» және өзге де елді мекендерде көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары аяқталды. Қосымша демеушілердің қолдауымен бірнеше гүлзар мен шағын саябақ пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар тұрғындарға жайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.

Ауданның эстетикалық келбетін арттыру мақсатында 7 көпқабатты үйдің қабырғасына муралдар салынды. Әлеуметтік мазмұндағы бұл суреттер ел бірлігі, тәрбие және патриоттық тақырыптарды қамтиды. Сонымен бірге, Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында биіктігі 20 метрлік мемлекеттік Ту орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар елді мекендерге айрықша көрік беріп, тұрғындардың патриоттық рухын көтеруге өз үлесін қосады.

Қаратау ауданындағы ауқымды абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *