Қаратау ауданында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру – аудан әкімдігінің 2025 жылға арналған басты басымдықтарының бірі.
Бүгінгі таңда аудан аумағында жалпы ұзындығы 753 шақырым болатын 896 көше бар. Биылғы жылы сол көшелердің 107-сі, яғни 82,7 шақырымына асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар, қаладағы маңызды жолдардың бірі саналатын Алматы айналма жолы мен Ю. Сареми көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру да назардан тыс қалмаған. 2025 жылы аудан аумағында жалпы ұзындығы 31,5 шақырым болатын аяқжол (тротуар) салу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 13,5 шақырымы тұрғындар игілігіне берілді. Бұл – тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Сонымен бірге, жауын-шашын кезіндегі су басу мәселелерін болдырмау үшін арнайы ирригациялық жүйелер орнатылуда. Атап айтқанда, 16 орынға су ағатын арық жүйелерін салу жоспарланып, бүгінгі күні олардың 13-інде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған 3 нысан бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
Көшелерді жарықтандыру – ауданның басты бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта 896 көшенің 545-і жарықтандырылған, ал биыл қосымша 351 көшеге заманауи жарық шамдарын орнату көзделген. Соның ішінде 265 көшеде жарықтандыру жүйесі толық іске қосылды, қалған көшелердегі жұмыстар кестеге сай жалғасуда. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, кешкі уақытта қозғалысты жеңілдетуге ықпал етуде.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіз әрі қолайлы қала ортасын қалыптастыруға сеп болмақ. Жыл соңына дейін барлық жоспарланған жұмыстар толық аяқталып, Қаратау ауданының инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.