ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындарға қолайлы, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – аудан әкімдігінің басты басымдықтарының бірі.

Бүгінгі таңда аудан аумағында 383 балалар ойын алаңы мен 99 спорт алаңы жұмыс істейді. Биылғы 2025 жылы қосымша 32 абаттандыру жобасын іске асыру көзделген. Оның ішінде 19 балалар ойын алаңы мен 13 кешенді спорт алаңы бар. Қазіргі таңда 6 жаңа алаңша пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Бұл – балалар мен жастардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне мүмкіндік береді.

Абаттандыру бағытында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан аумағында 5 жаңа гүлзар салу қолға алынған. Қазірдің өзінде бірнеше нысан толық аяқталып, халық демалатын жаңа орындарға айналды. Атап айтқанда, Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысы, сондай-ақ Гагарин көшесіндегі бірқатар аулалар абаттандырылып, көркейтілді. Мұндай жұмыстар ауаның сапасын жақсартып қана қоймай, эстетикалық ортаның қалыптасуына да ықпал етуде.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары жалғасып келеді. 2025 жылы қосымша 20 үйдің сырты жарықтандырылып, қазіргі таңда жарықтандырылған үйлердің жалпы саны 49-ға жетті. Бұл жұмыстар түнгі уақытта қауіпсіздікті арттырып, қаланың көркін ашуда.

Эстетикалық тәрбие мен қоғамдық санаға оң әсер ету мақсатында 9 көпқабатты үйдің қабырғасына муралдар салынды. Бұл муралдарда ұлттық бірлік, отансүйгіштік және жастарға бағытталған тәрбиелік мәні бар тақырыптар бейнеленген.

Тұран ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *