ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЫҢҒАЙЛЫ ЖОЛДАРҒА ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

Тұран ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл — аудан әкімдігінің 2025 жылға арналған негізгі басым бағыттарының бірі.

Бүгінде ауданда 1229 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 570 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда сол көшелердің 80%-ы асфальтталған, қалған бөлігі тас жол күйінде. Биылғы жылы 251 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып, бүгінгі күні олардың көпшілігінде жұмыстар аяқталды. Жыл соңына дейін барлық көшелерді асфальтпен қамту көзделіп отыр. Осылайша, аудан бойынша жолдардың асфальтпен қамтылу көрсеткіші 100% деңгейге жетеді.

Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында аяқжолдар салу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асуда. 2024 жылы 39 көшеге тротуар салынса, 2025 жылы тағы 44 көшеге аяқжол төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 31 көшеде жалпы ұзындығы 15,5 шақырымдық аяқжол тұрғындар игілігіне берілді. Бұл — тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге бағытталған нақты қадам.

Су тасқынының алдын алу және жауын-шашын суларын тиімді басқару үшін ирригациялық жүйе тарту жұмыстары қолға алынған. 2025 жылы 35 көшеге арық жүйелерін орнату жоспарланған болса, соның 30-ында жұмыстар толық аяқталды. Қалған нысандарда құрылыс жыл соңына дейін тәмамдалады деп күтілуде.

Көшелерді жарықтандыру бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұрын бұл көрсеткіш 35%-ды ғана құраса, қазіргі таңда жарықпен қамтылған көшелердің үлесі 95%-ға жетті. 2025 жылдың соңына қарай аудан аумағындағы барлық көшелер 100% жарықтандырылып, тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалысы толық қамтамасыз етіледі.

Жол сапасын арттыру, қауіпсіз қозғалыс және қолайлы қала кеңістігін қалыптастыру — Тұран ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі нәтижелі жұмыстардың бір бөлігі. Бұл бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *