Кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант конкурсы қарашада өтеді

Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек өңірде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау — экономиканың тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі тетігі. Осы мақсатта бірыңғай кешенді бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде бес миллион теңгеге дейін гранттар берілмек.

– «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау үшін көптеген шаралар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – бірыңғай кешенді бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде бес миллион теңгеге дейін грант беру мүмкіндігі. Бұл – өз кәсібін дамытқысы келетіндерге зор мүмкіндік», – деді Сәрсен Құранбек.

Оның айтуынша, аталмыш конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері, яғни шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады.

Конкурстың тазалығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылып, оның құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері енгізіледі. Сонымен қатар, аудио және бейнежазба жүргізіледі, ал байқау барысын бақылау үшін сырттан қосымша екі байқаушы шақырылмақ.

– «Конкурс бастан-аяқ толықтай электронды форматта өтеді. Барлық үдеріс «Кезекте.кз» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Аталған мемлекеттік гранттар беру конкурсы қараша айына жоспарланып отыр. Спикердің айтуынша, бұл бастама кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақ.

– «Шымкент қаласында жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін осы конкурсқа қатысуға шақырамын. Бұл – мемлекет тарапынан беріліп отырған нақты мүмкіндік. Осындай грант алып, бес миллион теңгемен кәсібін бастаған кәсіпкерлер бүгінде жиырма, отыз миллиондап салық төлеп отыр. Демек, бұл қолдау өз нәтижесін беруде», – деді Сәрсен Құранбек.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Шымкентте шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, салық түсімі де көбейген. Бұл – қала экономикасының жандануын және кәсіпкерлік мәдениеттің дамуын көрсетеді.

– «Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге мүмкіндік беру. Әрбір жаңа ашылған бизнес – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі. Сондықтан да барша кәсіпкерлерді осы гранттық бағдарламаға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді қала әкімінің орынбасары.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Шымкент қаласында көптеген кәсіпкерлер өз кәсібін ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруда. Ал жаңа гранттық бағдарлама – сол мүмкіндіктерді кеңейтіп, жергілікті кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *