МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: «БІЗ 2040 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ДАМУ БАҒДАРЫН ТОЛЫҚ ІСКЕ АСЫРУҒА БАСА МӘН БЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ»

Президент экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитіне қатысты.
– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.
– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабы – Еуразия төрінде орналасқан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *