Шымкентте қоғамдық көлік қызметін жақсарту шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Дегенмен үшінші мегаполисте жолаушылар ағынының көптігінен мәселе туындап жататын жайттар аз емес. Осы мәселеге қатысты Шымкент әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде түсінік берді.
Спикердің айтуынша, Шымкент қаласында қоғамдық көлікке қатысты мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Әлеуметтік желілерде қоғамдық көліктердің, әсіресе №52 бағыттағы автобустардың шамадан тыс толып жүруіне байланысты видеолар жиі тарап жүр. Бұл қоғамдық резонанс тудырып, кейбір тұрғындар мәселені тікелей әкімдікке келіп көтеруге тырысқан. Алайда Сәрсен Құранбек бұндай әрекеттердің тәртіп шеңберінен шықпауы керектігін ескертті.
«Әкімдікке келуге болады. Тіпті келуге тиісті де шығар, кейбір шешілмей жатқан мәселелер болатын болса. Бірақ әкімдіктің айналасының да, жалпы көше сияқты, әкімдіктің ішінің де қоғамдық орын екенін естен шығармауымыз керек», — деді ол.
Әкімнің атқарып отырған қызметі – қарапайым емес. Шымкент – 1,5 миллионға жуық тұрғыны бар, ал агломерацияны қоса есептегенде 2,5 миллион адам өмір сүретін алып мегаполис. Қала әкімдігі – осы ауқымды ортаның тыныс-тіршілігіне жауапты стратегиялық орган. Сол себепті әр мәселе жүйелі түрде, тәртіппен қаралуы тиіс.
№52 автобус бағыты – тұрғындар арасында сұранысы жоғары маршруттардың бірі. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыс күндері 19 автобус, ал демалыс және мереке күндері 16 автобус қызмет етеді. Интервал – тиісінше 10-15 минут және 15-20 минут аралығында.
Қала тұрғындарының өтініштері мен шағымдарына байланысты маршрут сызбасына өзгеріс енгізілген. Бұрын соңғы аялдама ЦУМ аялдамасында болса, қазіргі уақытта ол Т.Айбергенов көшесіне дейін ұзартылған. Бұл – тұрғындардың ауысымсыз жетуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім.
«Бұған дейін тұрғындар ауысу арқылы басқа автобусқа отыруға мәжбүр болатын еді. Ал қазіргі таңда тұрғындардың өмір сүру қолайлылығы үшін осындай қадамға барып отырмыз», — деді Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, қала әкімінің шешімімен барлық мектеп оқушыларына автобуста тегін жүру құқығы берілген.
Бұл бастама – әлеуметтік әділеттілік пен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
«Балалар – біздің болашағымыз. Осы себепті қала басшылығы осындай қадамға барып, балаларға тегін жүруді қамтамасыз етіп отыр», — деді спикер.
Дегенмен, балалардың жаппай автобуспен жүруі көлік жүктемесіне әсер етуде. Әсіресе таңертеңгі және түскі уақытта – «час пик» кезінде бір мектептен екі мыңға жуық оқушының бір мезгілде шығып, бір бағытта автобуспен қозғалуы – қоғамдық көлік сыйымдылығы үшін айтарлықтай салмақ.
Автобус санынарттыру үшін қала билігі нақты статистикалық мәліметтерге сүйеніп жұмыс істеуі керек. Бұл орайда Сәрсен Құранбек өз алаңдаушылығын білдірді.
«Қаламызда 274 мың оқушы бар. Бірақ олардың тек 30 мыңы ғана жол жүру картасын алған. Валидаторда тіркелмеген жолаушы – статистикада жоқ. Біз нақты деректермен жұмыс істеуіміз керек. Ертең құзырлы органдарға, мәслихатқа бізде қанша адам жүргенін, қай уақытта жүретінін дәлелдеп көрсетуіміз қажет», — деді ол.
Оқушылардың көпшілігі тегін жүргенімен, карта арқылы тіркелмейтіндіктен, олар есепке алынбай қалады. Бұл – көлік жүйесін жоспарлау мен маршрутты оңтайландыруда қиындық туғызады.
Қала әкімдігі оқушыларға автобус карталарын онлайн түрде рәсімдеуге болатынын ескертеді. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, тек jenil.avtobys.kz сайты арқылы өтінім беріп, ұялы телефонда QR-кодпен төлем жасауға болатын виртуалды карта ашуға болады.
«Картаның өзі талап етілмейді, сол виртуалдық картамен-ақ жүре беруге болады. Біз бұған толық мүмкіндік жасап қойдық», — дейді Сәрсен Құранбек.
Мәселе тек техникалық сипатта емес, мәдениет пен түсіністікте де жатыр. Қоғамдық көлік – ортақ ресурс. Әр тұрғын, әр оқушы, ата-ана, жүргізуші өз жауапкершілігін түсінгенде ғана мәселе шешіледі.
Қоғамдық көлік – тек тасымал құралы емес, ол қала тіршілігінің күретамыры. Шымкент қаласының билігі бұл салада жүйелі жұмыс атқарып, көліктік инфрақұрылымды жақсарту бағытында нақты қадамдар жасауда. Алайда бұл жұмыс әкімдікпен ғана шектелмейді – әр тұрғынның тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарасы бұл жүйенің сапасына тікелей әсер ететіні ұмытпаған жөн.