Қоғамдық қауіпсіздік – басты назарда

Шымкент қаласында өткен аптада тіркелген қылмыстық істер мен жол-көлік оқиғаларының статистикасы белгілі болды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 176 қылмыстық іс тіркеліп, оның төртеуі сотқа жолданған. Қылмыстық істердің басым бөлігі — алаяқтық және ұрлық фактілері.

«62 алаяқтық іс тіркелсе, оның 37-сі интернет алаяқтыққа қатысты. 41 іс – ұрлық, ал 9 іс есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты болды», – деді Сәрсен Құранбек.

Бүгінде интернет кеңістігінде алаяқтық оқиғаларының жиілеп кеткені байқалады. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын иемдену жағдайлары көптеп кездесуде. Мысалы, өткен аптада «С» есімді азаматша Instagram арқылы iPhone 17 маркалы ұялы телефонына тапсырыс беріп, белгісіз адамға 820 мың теңге аударған. Соның салдарынан ол ақшасынан айырылып, қылмыстық іс қозғалды.

«Адамның кім екендігі, қай жерде екендігі белгісіз. Әрине, оны тергеу амалдары анықтайды. Бірақ осындай соманы беймәлім адамға аудару – түсініксіз жағдай. Сондықтан ірі көлемдегі сатып алуларды тек ресми дүкендерден жасаған жөн», – деді қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек.

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткі саудасы мен оны таратушылардың әрекеті. Әкімдіктің ресми өкілі бұл бағытта құқық қорғау органдарының кешенді жұмысы жалғасып жатқанын айтты.

«Өткен аптада «М» есімді азамат өзінің банк шотын танысына уақытша пайдалануға берген. Сол карта арқылы есірткі дүкендерімен байланысы бар адамдар қаржы айналымын жүргізген. Бұл азамат та жауапкершіліктен босатылмайды. Себебі, картаны басқаға беру – заң бұзушылық», – деп түсіндірді Сәрсен Құранбек.

Оның айтуынша, мұндай әрекет дропперлікке жатады және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан тұрғындар банк карталарын ешкімге пайдалануға бермеуі және күмәнді ұсыныстардан бас тартуы тиіс. Күдік тудырған жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалу ұсынылады.

Брифингте қалада соңғы аптада жол-көлік оқиғаларының азаймай отырғаны да белгілі болды. Басты себептер: жылдамдықты асыру, ұялы телефонға алаңдау және жол жүру ережелерін сақтамау.

«Өткен аптада жаяу жүргіншіні қағу және көліктердің соқтығысуы бойынша төрт жағдай тіркелді. Ал жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі бойынша екі іс қозғалды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың самокат пен электрлі скутерді жолда рұқсатсыз басқаруы бір қылмыстық іске себеп болды», – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, алкогольдік масаң күйде көлік басқару да тіркелген оқиғалардың бірі болып отыр.

Брифинг соңында Сәрсен Құранбек тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен құқықтық жауапкершілікті сақтауға шақырды. Оның айтуынша, қаланың тыныштығы әр азаматтың саналы әрекетіне байланысты.

Шымкент қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Интернет алаяқтықпен, есірткі айналымымен және жолдағы тәртіпсіздікпен күрес тек полицияның ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі екені тағы да еске салынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *