Шымкентте дәрігерлер клиникалық өлімге ұшыраған науқастың өмірін құтқарды
Шымкент қаласында дәрігерлердің жоғары жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында аса ауыр халдегі 60 жастағы науқастың өмірі аман сақталып қалды. Бұл – уақытылы көрсетілген медициналық көмектің, мультидисциплинарлық тәсілдің және заманауи медициналық технологиялардың нақты нәтижесі.
15 қазан күні кешкі уақытта жедел жәрдем қызметі №2 қалалық ауруханаға жедел түрде ер адамды жеткізген. Алғашқы тексеріс барысында дәрігерлер науқастың жағдайының тым ауыр екенін анықтап, оған ауыр панкреатит, екі жақты пневмония, қант диабеті және тыныс жетіспеушілігі диагноздарын қойды. Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды.
Өмірге қауіп төнген сәтті ескере отырып, бейінді мамандардан құралған мультидисциплинарлық консилиум ұйымдастырылды. Гастроэнтеролог, реаниматолог, эндокринолог және анестезиолог дәрігерлер бірігіп кешенді емдеу жоспарын әзірледі. Науқастың өмірлік маңызды органдарының функциялары тұрақсыз болғандықтан, қарқынды терапия үздіксіз жүргізілді.
Алайда 16 қазан күні түнгі сағат 23:30 шамасында науқастың жүрек соғысы тоқтап, клиникалық өлім тіркелді. Дәл осы сәтте дәрігерлердің жедел координацияланған жұмысының арқасында жүректі қайта іске қосу әрекеттері басталды. Реанимациялық шаралар бар-жоғы төрт минуттың ішінде нәтижесін беріп, жүрек соғысы қалпына келтірілді. Бұл аса қиын жағдайларда тез шешім қабылдай алатын тәжірибелі мамандардың кәсіби біліктілігін айқын көрсетті.
Кейін науқастың жағдайын тұрақтандыру мақсатында арнайы «Призмафлекс» аппараты арқылы гемодиафильтрация жүргізілді. Мұндай заманауи құрылғы қанды уытты заттардан тазартып, ішкі ағзалардың қызметін қолдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда науқас есін жиып, жағдайы біршама жақсарды. Ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды және дәрігерлердің бақылауымен оңалту курсынан өтіп жатыр. Жақын күндері үйіне шығарылуы жоспарланған.
Бұл жағдай – қалалық медицина жүйесінде көрсетілетін көмектің сапасы мен дәрігерлердің кәсібилігін айқын дәлелдейді. Дәрігерлердің шұғыл әрекеті, тәжірибесі және жоғары технологиялардың қолжетімділігі тағы бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.