ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БІРҚАТАР МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

5 қазан – Республика күні мерекесіне орай Шымкент қаласында кең ауқымды мәдени, рухани және патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін әзірленген мерекелік бағдарлама бірнеше күнге созылып, түрлі форматтағы концерттер, өнер көрсетілімдері мен салтанатты рәсімдерді қамтымақ.

Негізгі іс-шаралар 24 қазан күні басталады. Сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты ресми жиын өтеді. Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлері, мәдениет, медицина, білім және өзге салалардың үздік өкілдері марапатталып, мемлекеттік наградалар табысталады. Бұл жиын – жыл сайынғы дәстүрлі форматтағы алғыс білдіру және еңбекті дәріптеу рәсімі болып табылады.

25 қазан күні сағат 10:00-де «Шымсити» саябағында орналасқан Ту тұғырында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтеді. Отанға құрмет көрсетудің символдық көрінісі саналатын бұл рәсімге жастар ұйымдары, әскери бөлімдердің өкілдері және қала тұрғындары қатысады. Сол күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Астана» алаңында Республика күніне арналған кең көлемді жалпы халықтық мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарлама барысында қалалық қуыршақ театры мен Шымкент циркінің әртістері көрермендерге арнайы қойылымдар ұсынады. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрге негізделген театрландырылған көріністер, салтанатты шеру, дәстүрлі ән мен күйден тұратын концерттік композициялар өтеді. Мәдени шаралар аясында отандық баспа үйлерінің қатысуымен кітап жәрмеңкелері мен тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, қала тұрғындары тарихи, әдеби және мәдени басылымдармен таныса алады.

Кешкі уақытта мерекелік көңіл күй жалғасын табады. Сағат 19:00-де ашық аспан астында ауқымды гала-концерт өтеді. Сахна төріне еліміздің және Шымкент қаласының танымал өнер майталмандары – Ғазизхан Шекербек, Ұшқын Жамалбек, Мәдина Сәдуақасова, Еңлік, Әсет Есжан, сондай-ақ «Заман» және «Жігер» топтары шығып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Республика күні – ел бірлігі мен мемлекеттің тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Шымкентте өтетін мерекелік іс-шаралар қаланың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, тұрғындардың патриоттық рухын көтеруге бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *