ДӘРІГЕРЛЕР СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН МОЙА-МОЙА АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАҒА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында дәрігерлер сирек кездесетін ми қан тамырлары ауруына шалдыққан 13 жастағы науқасқа күрделі микрохирургиялық ота жасады. Дәрігерлердің айтуынша, балаға «мойа-мойа» синдромы диагнозы қойылған. Бұл дерт әлем бойынша өте сирек кездеседі және көбіне балалар мен жасөспірімдер арасында анықталады.

Мойа-мойа ауруы (жапон тілінен – «түтін клубы», «тұман») – ми негізгі артерияларының баяу тарылуы нәтижесінде пайда болатын созылмалы әрі прогрессивті патология. Осы себепті ми оттегі мен қан тапшылығын сезініп, оны өтеу үшін жаңа ұсақ тамырлар желісі түзіледі. Ангиографиялық зерттеуде бұл торлы құрылым жеңіл тұман секілді әсер береді. Аталған ауру емделмеген жағдайда жиі инсультке, құрысу ұстамаларына және неврологиялық кемшіліктерге әкелуі мүмкін. Сондықтан хирургиялық араласу – ең тиімді және қауіптің алдын алатын негізгі әдіс.

Науқас бала аурухананың нейрохирург дәрігеріне жолдама арқылы келіп түскен. Алғашқы тексерулерден кейін оған қосымша МРТ және тамырлық зерттеулер жасалып, диагноз нақтыланды. Науқас нейротравматология бөлімшесіне жатқызылып, отаға кешенді дайындық жүргізілді. Заманауи операциялық микроскоп пен жоғары дәлдіктегі құралдар қолданылған күрделі ота шамамен 4 сағатқа созылып, сәтті аяқталды.

Отадан кейін баланың жағдайы тұрақты. Ол есін толық жиған, неврологиялық тапшылық белгілері байқалмайды. Қалпына келтіру кезеңі бастан-аяқ дәрігерлердің бақылауында өтіп, бүгінде науқас үйіне шығарылды. Қазіргі таңда амбулаториялық бақылауда және оңалтудан өтуде.

Күрделі отаны нейрохирург дәрігерлер Е. Медетов пен Т. Абдуллаев, сондай-ақ анестезиолог Б. Алменов жоғары кәсіби деңгейде орындады. Бұл оқиға – Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы мамандарының кәсіби шеберлігін, тәжірибесін және заманауи медициналық технологияларды нәтижелі қолдана алатынын көрсететін маңызды жетістік.

Аурухана басшылығының мәлімдеуінше, соңғы жылдары балалар нейрохирургиясы саласы едәуір дамып, күрделі патологияларды ерте анықтау және жоғары технологиялық ем жүргізу мүмкіндіктері кеңейген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *