Қазақстан садақшылары әлем кубогында топ жарды

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қазақстандық садақшылардың халықаралық аренадағы ірі жеңісі туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы садақ атудан өткен Әлем кубогында жалпыкомандалық есепте 2 900 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Бұл жетістік – еліміздің спорт тарихындағы үлкен оқиға және отандық садақшылардың жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді.

Байрақты бәсекеде Мажар нысанасы (90 метр) бойынша өткен командалық сында қазақстандық спортшылар тамаша нәтиже көрсетіп, алтын медальге ие болды. Жеңімпаз атанған команданың құрамында Мақсат Әбдікерімов пен Жәнібек Құлмырзаев болды.

Сонымен қатар, Пута нысанасы (70 метр) бойынша өткен жекелей сайыста да біздің спортшылар өз шеберлігін көрсетті. Бұл сында Мақсат Әбдікерімов күміс медаль, ал Жәнібек Құлмырзаев қола жүлде иеленді. Сол қашықтықтағы командалық жарыста да Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алды.

Жамбы нысанасы (30 метр) бойынша ерлер арасындағы жекелей сайыста Мақсат Әбдікерімов тағы бір рет жеңіс тұғырына көтеріліп, тағы да күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы есеп қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 32 мемлекет арасынан озып шығып, 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль иеленді. Бұл нәтиже – қазақстандық садақ атушылардың тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Баспасөз брифингінде Сәрсен Абайұлы атап өткендей, бұл жеңісте Шымкент спортшыларының үлесі ерекше. Атап айтқанда, Мақсат Әбдікерімов жарыс барысында 2 күміс медаль жеңіп алса, Жәнібек Құлмырзаев 1 қола және командалық есепте 1 алтын, 1 күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Бұл жетістік – еліміздің спортшылары мен бапкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Садақ ату спорты қазақ халқының тарихи дәстүрімен тығыз байланысты, сондықтан бұл жеңіс рухани және мәдени тұрғыдан да маңызды», – деді қала әкімінің орынбасары.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкент қаласында садақ ату спортына ерекше көңіл бөлінуде. Қалада жаңа спорт нысандары салынып, жастарды ұлттық және классикалық садақ атуға баулитын үйірмелердің саны артып келеді.

Қазақстан құрамасының бұл жеңісі – ел спортының даму қарқынын және отандық мергендердің халықаралық деңгейдегі беделін айқын көрсетіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *