Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қала аумағында жүзеге асырылып жатқан «Ішімдіксіз ауыл» жобасының алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындар өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді.
Жуырда қалалық Полиция департаменті мен жергілікті полиция басқармасының өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері Жиделі елдімекенінде түсіндіру жұмыстарын өткізді. Шара барысында тәртіп сақшылары мен белсенді азаматтар елдімекендегі дүкендерді аралап, спирттік ішімдік сатудың қоғамға тигізетін кері әсері мен оның қоғамдық қауіпсіздікке әсерін түсіндірді.
Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер мен дүкен иелері бастаманы қолдап, өз еріктерімен ішімдік сатудан бас тартты. Көптеген кәсіп иелері лицензиялары бола тұра, ел мүддесін бірінші орынға қойып, ауыл тұрғындарының амандығы мен тыныштығы үшін осындай шешім қабылдады.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, Жиделі елдімекенінде ішімдік сату тоқтатылғаннан кейін тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ құқық бұзушылық фактілері азайған. Тұрғындардың әлеуметтік белсенділігі артып, ауылда қоғамдық тәртіп пен өзара сыйластық мәдениеті күшейген.
«Біздің мақсатымыз – жазалау емес, түсіндіру және ынталандыру. Әр ауыл мен шағынауданның қауіпсіздігі – сол жердің тұрғындарына байланысты. Егер қоғам бірігіп әрекет етсе, нәтижесі де айқын болады», – деді қала әкімінің орынбасары.
Қала әкімдігі мен Полиция департаменті алдағы уақытта да бұл бастаманы кеңейтіп, «Ішімдіксіз аймақтардың» санын арттыруды, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жастар мен мектеп оқушылары арасында спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қоғамда дұрыс өмір салтына деген көзқарасты нығайту көзделген.
«Ішімдіксіз ауыл» жобасы – бұл тек құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы ғана емес, сонымен қатар рухани жаңғыру мен жауапкершілік мәдениетін арттыруға бағытталған әлеуметтік бастама.