Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Алтынтөбе тұрғын алабын газбен қамту жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының Алтынтөбе (2-кезек) тұрғын алабын сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы жоспарға сай қарқынды түрде жүзеге асуда. Бұл – қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі.
Жобаның екінші кезеңін аяқтау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Мамандар негізгі газ құбырларын тарту, тұрғын үйлерге қосылу нүктелерін орнату және барлық инженерлік инфрақұрылымды техникалық талаптарға сай іске асыру бағытында жұмысты жалғастырып жатыр.
Бүгінгі таңда жобаның орындалу деңгейі жоғары. Құрылыс алаңында ондаған арнайы техника мен жұмысшылар тобы жұмылдырылған. Құбыр желісінің ұзындығы бірнеше шақырымды қамтиды және ол аймақтың барлық көшелері мен үйлерін газ жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
Жоба толық іске асқаннан кейін 124 үй немесе шамамен мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылып, экологиялық тұрғыдан таза әрі тиімді отын түрін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауаның ластану деңгейін төмендетуге және қатты отын түрлерін пайдаланудан туындайтын экологиялық мәселелерді азайтуға сеп болады.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, қала билігі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. «Біздің басты мақсатымыз – әр тұрғынның өмір сүру жағдайын жақсарту және қаланың шеткі аумақтарын да орталықпен тең дәрежеде инфрақұрылыммен қамту. Газдандыру жұмыстарының уақтылы және сапалы орындалуы – осы бағыттағы басым міндеттердің бірі», – деді ол.
Аталған жұмыстар Шымкент қаласы әкімдігінің Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тұрақты бақылауында. Басқарма мамандары мердігер ұйымдармен бірлесе отырып, нысандағы қауіпсіздік және сапа талаптарының сақталуын қадағалауда.
Жалпы, соңғы жылдары Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі белсенді жүріп келеді. 2025 жылға дейін қала тұрғындарының басым бөлігі табиғи газбен, сапалы ауызсумен және электр энергиясымен толық қамтылмақ.