Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек 2025-2026 жылғы жылыту маусымының басталуы және әлеуметтік нысандарды жылумен қамту барысы туралы мәлімет берді.
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, ауа температурасының төмендеуіне және қала әкімінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласында 2025 жылғы 1 қарашадан бастап жылыту маусымы ресми түрде басталды. Алғашқы кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да мекемелер жылумен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда қаладағы 476 әлеуметтік нысанның 475-і жылуға қосылған. Тек «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты тіркеу рәсімдерін жүргізіп жатыр, жылу қосу жұмыстары соңғы сатыда. Айта кетейік, орталық Аймауытов көшесінен Астана шағынауданына көшіп, жаңа ғимаратқа орналасты.
Білім басқармасына қарасты 269 мекеменің 249-ы сапалы жылумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 160 мектептің 91-і орталықтандырылған жүйеге қосылған, ал 69-ы жеке қазандықтар арқылы жылытылады. Сондай-ақ 71 балабақшаның 51-і орталықтандырылған жылу жүйесіне, 20-сы жеке жылу қазандықтарына қосылған. Қалған 20 мекемеде техникалық ақауларды жою және құбыр жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша жылыту маусымы толық басталды. Қаладағы 100 медициналық ұйымның 69-ы автономды, 31-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы жылу алып отыр. 2025 жылғы 4 қарашадағы жағдай бойынша барлық медициналық мекемелерге жылу толық берілген. Үй-жайлардың ішкі температурасы санитарлық талаптарға сай +22°С пен +26°С аралығында сақталуда.
Жылыту маусымының басталуы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, бес тәулік қатарынан сыртқы ауаның орташа температурасы +8°С және одан төмен деңгейде болған жағдайда немесе ауа райының күрт салқындауына байланысты қала әкімінің өкімімен жылу беріледі.
Қала аумағындағы 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 2 093-і жылу жүйесіне қосылған. Қалған үйлер мен мекемелерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Қуатжылуорталық-3» МКК тарапынан тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Байланыс телефондары: 8 (7252) 44-81-89 және 8 (7252) 44-82-37.
Шымкент қаласы әкімдігі жылыту маусымының өту барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қала тұрғындарынан үйішілік жүйелерді уақтылы дайындап, ақау туындаған жағдайда өздерінің ОСИ немесе КСК қызметіне жүгінуге кеңес беріледі.
Сәрсен Абайұлы атап өткендей, әкімдік пен коммуналдық қызметтер тұрғындарды сапалы жылумен үздіксіз қамту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отыр.