Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қала аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен мемлекет меншігіндегі нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстарын қолданыстағы заңнамаға және Үкімет бекіткен қағидаларға сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ономастика саласының қоғам өміріндегі маңыздылығын ескере отырып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге және ұлттық сананы нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында барлығы 3 865 көше бар. Соның ішінде 2 704 көше тарихи жер-су және дәстүрлі атауларға ие болса, 988 көше еліміздің дамуына, ғылымы мен мәдениетіне, ел тәуелсіздігі жолындағы күреске зор үлес қосқан тұлғалардың есімдерімен аталады. Сонымен бірге, 226 көшенің атауы ескірген, 173 көшеге атау берілмеген, ал 44 көшенің атауы қайталанады. Мұндай жағдай ономастикалық кеңістікті жүйелеу мен ретке келтіруді қажет етеді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи әділеттілік пен қазіргі заман талабына сай жаңарту, ел тарихында ерекше із қалдырған тұлғалар мен жер атауларын ұлықтау бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл ретте ұсыныстар жергілікті қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, республикалық ономастика комиссиясына жолданады.
2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында 20 тұлғаның есімін қала көшелеріне беру жөнінде ұсыныстар енгізіліп, оның 10-ына келісім алынған. Бұл бастама жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, соғыс қаһармандарының ерлігін дәріптеуге бағытталған.
Биылғы жылы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында жалпы 11 көше мен 1 аллеяға жаңа атау беріліп, 8 көше қайта аталады. Жаңа атаулардың 11-і — жер-су және дәстүрлі тарихи атаулар, ал 9-ы — Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерімен байланысты. Бұл өзгерістер жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, қоғамдық талқылаудан кейін жүзеге асырылған.
Қазіргі таңда 465 көшеге қатысты 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарауға ұсынылды. Бұл құжатта алдағы жылдары қала аумағындағы көше, саябақ және басқа да нысандардың атауларын ретке келтіру, тарихи атауларды қайтару және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жаңарту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.
Шымкент қаласында ономастика саласын дамыту – тек атау беру немесе ауыстыру жұмысы ғана емес, ол ұлттық рухты көтеру, тарихи жадыны жаңғырту, ұлттың мәдени және рухани мұрасын сақтау ісімен тығыз байланысты маңызды бағыт болып табылады. Әрбір көше атауы – ел тарихының бір бөлшегі, ұрпақ сабақтастығының айғағы.
Осы тұрғыда қала әкімдігі мен тиісті басқармалар қоғам өкілдерімен, ғалымдармен және тарихшылармен бірлесе отырып, әділ әрі ашық шешім қабылдауға басымдық береді.
Шымкент қаласында көше атауларын жаңарту және реттеу жұмыстары жалғасын табады. Бұл бастама – тарихи жадыны жаңғырту мен ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.