СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ ТАПШЫЛЫҒЫ ТҰРАҚТАНДЫРЫЛУДА

Бүгінде Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газын (СМГ) өткізу және тарату бойынша тұрақты жұмыс істейтін 44 кәсіпкерлік субъектісі бар. Қала аумағында қызмет көрсететін 4 газ толтыру станциясы мен 203 автогаз құю бекеті тұрғындарға және кәсіпкерлерге үздіксіз қызмет ұсынады. Бұл нысандар мегаполис халқын, сонымен қатар қаладағы автокөлік паркін сұйытылған газбен қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың IV тоқсанына арналған бөлініс шеңберінде, Шымкент қаласына сұйытылған мұнай газының көлемі қазан айында – 7 043 тонна, қосымша өтінім негізінде – 1 008 тонна, ал қараша айына – 8 410 тонна көлемінде бөлінді. Жалпы есеппен мегаполиске ай сайын шамамен 12 мың тонна СМГ қажет.

Қаладағы 66 мыңнан астам автокөлік бүгінгі таңда сұйытылған газбен жүреді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді, сонымен қатар өзге өңірлерден келетін транзиттік автокөліктер санының өсуі газға деген сұранысты арттырып, кейбір кезеңдерде уақытша тапшылық туындауына әкелді.

Аталған мәселені шешу мақсатында Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп кешенді шараларды іске асыруда. Газ жеткізу кестесі нақтылай түзетіліп, аймаққа бөлінетін көлем кезең-кезеңімен ұлғайтылуда. Қала әкімдігі барлық газ ұйымдарымен өзара іс-қимылды жолға қойып, сұйытылған газдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету шараларын белсенді жүргізуде.

Қазіргі уақытта СМГ жеткізу және тарату процесіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, тиісті бақылау күшейтілген. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге газдың үздіксіз берілуі үшін кезекшілік ұйымдастырылып, газ құю бекеттерінде баға тұрақтылығы мен жеткізілім көлемі үнемі қадағаланып отыр.

Қала әкімдігінің ресми өкілі, әкімнің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдегендей, мегаполис тұрғындарына сұйытылған газ жеткізу тізбегіндегі уақытша қиындықтар жүйелі түрде шешілуде. Қазіргі уақытта қаладағы газ тапшылығы біртіндеп тұрақтанып, жеткізу жұмыстары қалыпты режимге көшті.

Сәрсен Құранбек сондай-ақ атап өтті: «Қала билігі тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және энергетикалық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы барлық шараларды жалғастыра бермек. Газ жеткізу инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа газ бекеттерін іске қосу және тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру — біз үшін басым бағыттардың бірі».

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылым басқармасы тұрғындарды уақытша қиындықтар кезінде сабырлы болуға шақырып, газбен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтандырылғанын жеткізді. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін бұл шаралар – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрмыс сапасын арттырудың кепілі болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *