3–5 қараша аралығында Шымкент қаласының барлық төрт ауданында қалалық прокуратураның бастамасымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «СТОП-ВЕЙП!» атты кең ауқымды профилактикалық акция өтіп жатыр.
Акцияның басты мақсаты – вейптердің заңсыз айналымына тосқауыл қою, тұрғындар арасында электронды темекінің адам ағзасына тигізетін зияны жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейту және азаматтарға өз еркімен вейп өнімдерін тапсыруға мүмкіндік жасау.
Электронды темекі (вейп) – құрамында никотин мен өзге де химиялық заттар бар құрылғы. Дәрігерлер мен мамандардың айтуынша, оның тұрақты қолданылуы тыныс алу жүйесіне, жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесіне елеулі зиян келтіреді. Әсіресе жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсері зор. Сол себепті, вейптерді пайдалану мен сату елімізде заң жүзінде шектелген.
Акция аясында тұрғындарға арнайы қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Қала тұрғындары өз иелігіндегі вейптерді және электронды темекілерді ерікті түрде төмендегі орындарға өткізе алады:
Shymkent Plaza,
Самал базары,
Алаш базары,
Грамад сауда орталығы,
Фиркан City,
Shymkent City Mall,
Rahima Plaza,
Diamond Plaza,
Баян Сұлу,
Юг Сити сауда орталықтары.
Бұл акция азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, өз еркімен заңсыз өнімдерден арылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шара барысында прокуратура, полиция департаменті және еріктілер бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, мектептер мен оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастырылуда.
Игі бастама қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жасөспірімдер арасында вейпке әуестенудің алдын алуға бағытталған.
Шымкент қаласының прокуратурасы мен әкімдік тұрғындарды акцияға белсенді түрде қатысуға шақырады. Әр азаматтың бұл іске қосқан үлесі қоғамның денсаулығын сақтауға және келешек ұрпақтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.