Шымкент қаласында жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды жеңілдету және осы саладағы қызмет сапасын арттыру мақсатында Jerleu.kz онлайн сервисі ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек бүгін өткен брифингте мәлімдеді.
Жаңа цифрлық жоба жерлеу қызметтерін көрсету процесін толық автоматтандыруға және тұрғындарға ыңғайлы онлайн формат ұсынуға бағытталған. Енді қала тұрғындары мен қонақтары Jerleu.kz порталы арқылы жерлеу орындарын тазалау, көгалдандыру, безендіру және абаттандыру бойынша қызметтерге онлайн түрде тапсырыс бере алады.
Порталдың интерактивті іздеу жүйесі арқылы азаматтар кез келген жерлеу орнын марқұмның аты-жөні бойынша оңай таба алады. Сонымен қатар, сервис 2ГИС картасымен интеграцияланған, бұл ізделген қабірге дейінгі бағытты нақты көрсетіп, пайдаланушыларға уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы, аудан әкімдіктері және «7 АТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы ынтымақтастық меморандумы негізінде жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала аумағындағы 655 жерлеу орны толық цифрландырылды. Оның ішінде:
-
Тұран ауданында – 482 нысан
-
Еңбекші ауданында – 173 нысан
Бұл жұмыстар нәтижесінде жерлеу саласындағы ақпараттардың ашықтығы қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қолжетімді деректер базасы қалыптастырылды.
Сәрсен Құранбек атап өткендей, Jerleu.kz порталының енгізілуі – бұл цифрлық трансформацияның халыққа қызмет көрсету саласында жасалған маңызды қадамдарының бірі. Порталдың арқасында жерлеу рәсімдеріндегі қағазбастылық азайып, азаматтар өздеріне қажетті қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы ала алады.
Бүгінде тұрғындар сайт арқылы жерлеуге арналған өтінімдерді электронды форматта тапсырып, барлық қызмет түрлері бойынша толық ақпарат алады. Алдағы уақытта портал функционалы кеңейтіліп, онлайн төлем және деректерді жаңарту мүмкіндіктері енгізілмек.
Қала әкімдігі мен цифрландыру басқармасы жобаның тұрғындардың тұрмыстық және әлеуметтік қажеттіліктерін оңтайландыруға бағытталғанын, сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Мамандардың пікірінше, Jerleu.kz сервисі – бұл тек цифрлық құрал ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға ыңғайлы, ашық және заманауи қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама.