Мәжіліс көлік мәселесі бойынша 4 кодекс пен 16 заңға өзгеріс енгізбек

Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымға шығарылды. Заң жобасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілісте таныстырды. Индустрия министрінің айтуынша, құжат Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. «Заң жобасының негізгі мақсаттары: жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыру; теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялау; теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеу тәртібін жетілдіру; Қазақстан Республикасы заңнамасын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы стандарттарының талаптарына және Еуропалық Одақтың авиациялық талаптарына келтіру; әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу тетігін реттеу», — деп түсіндірді Қайырбек Өскенбаев. Оның айтуынша, жүкті автокөлікпен тасымалдаудың жоғары қарқыны, жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылу мәселесі түбегейлі шара қабылдауды талап етеді. Осы мақсатта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған стансаларды орнату жоспарланған. «Заң жобасында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс тәртібін айқындайтын нормалар көзделген. Бұл ретте стансалар адамның қатысуынсыз «Сергек» жүйесі қағидаты бойынша жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Ұсынылып отырған шаралар автожолдардың сақталуын қамтамасыз етуге және көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді», — деді министр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *