Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері темір тордың арғы жағындағы тәртіппен танысты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі – лауазымды тұлғаларды бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қылмыс жасаған адамдардың ұстау шарттарымен таныстыру болып табылады.

Шымкент гарнизонының әскери полициясы мен Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен гарнизонның әскери қызметшілері қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының тәртібімен танысып қайтты.

Қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері уақытша ұстау изоляторының жұмысымен, яғни қамаудағыларды ұстау шарттарымен, айыпталушының жататын жерінен бастап, медициналық бөлме, асхана, аула сынды жерлермен жеке таныстырып шықты.

Аталған шара оңай олжаға құныққан азаматтардың тар қапастағы тыныс-тіршілігімен таныстыру арқылы әскери қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік иммунитетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Оларға пара алудың, яғни қызмет бабын асыра пайдаланып ақша табудың соңы осылай болатын тағы да ескертілді.

Әрине, көзге жақсы көрініс бермейтін шараның куәгерлері мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көріп, тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамайтынын білдірді.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *