Мектептердің алдағы оқу жылына дайындық барысына мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін тексеру топтарын ұйымдастырған едік. Аудандарда орын алуы мүмкін мәселелерді бүгін өзім арнайы аралап, көріп шықтым.
Түркістан өңірінде биыл 20 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оның 15-і 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Сарыағаш ауданында биыл 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 1 білім нысанының жұмыстары толық аяқталған, ал бір мектеп 2024 жылға өтпелі.
Қалған 5 мектептің арасында жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешіккендері бар. Әртүрлі себептер айтылады. Әйтсе де, басты мәселе көрініп тұр. Ол – жұмыс күшінің аздығы мен салғырт қарау. Қаржы жағынан мәселе жоқ. Облыс көлемінде тиісті қаражат бөлінген. Орындалған жұмыстардың актісіне байланысты ары қарай қаржыландыруға дайынбыз. Ал, кестеден кешіккен компанияларға айыппұл салынады.
Сіргелі ауылында орналасқан №36 Тоқмұхамедов атындағы жалпы орта мектебі, Қызылжар ауылындағы №75 Ж. Жабаев, Ынтымақ ауылындағы №8 Айни, Қапланбектегі №13 Мәңгілік ел атындағы жалпы 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай аяқталады. Мердігер мекемелер екі ауысымдық жұмысқа көшуге уәде беріп отыр. Көктерек кентінде №16 Панфилов мектебі кестеден кешігуде. Бізге тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан да шағымдар келіп түскен.
Жаңа оқу жылы басталғанда мұнда 1300-ден астам бала білім ұясының табалдырығын аттау қажет. Сондықтан жауапты компания аталған құрылыс жұмыстарына ең алдымен жұмысшыларды қажетінше тартып, белгіленген мерзімде аяқтауға міндетті. Өйткені оқушылардың қалыпты оқу процесінен қалмауына жағдай жасауды көздейміз. Қандай себеп болса да, тұрақты білім алуы шарт. Осыған байланысты құрылыс компаниясына қатаң ескерту жасадық, құзырлы мекемелер айыппұл салады. Қайтадан шұғыл жұмысшы топ құрып, қадағалайтын боламыз.
Жалпы Түркістан облысында 1275 білім беру мекемесі бар. Оның 98-і Сарыағаш ауданында орналасқан болса, 78-і мектеп. Ауданда 58 мыңнан астам оқушы білім алады. 1000 мектеп бағдарламасы аясында 3 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында 10 мектеп салынады. Аудан көлемінде бастауыш сыныптағы 30 мың бала қыркүйектен бастап ыстық тамақпен қамтылады. Мұны тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін салаға жауаптылар мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын түгелдеп шығатын болады.