Түркістан — ықылым заманнан білім мен ғылымның нағыз қайнар көзі болды. Ендігі кезеңде де жан-жақты зияткер және эрудитті азаматтардың ордасына айналып келе жатқандығы анық.
Соңғы жылдары аудан мен қалаларда, облыс орталығында түрлі деңгейде интеллектуалды ойындар өткізу үрдіске айналды. Ернар Бектаев жетекшілік ететін Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен белсенді жас Олжас Мамыр бірлесіп, білім сайысын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биылғы «Al-Farabi» зияткерлік додасының аясы одан да кеңейе түскен.
Халықаралық жастар күніне орай Түркістан қаласының тұрғындары мен жастары ашық аспан астында амфитеатр алаңында интеллектуалды ойынды тамашалауға молынан жиналды.
Еліміздің Түркістан өңірінен бөлек, Астана, Алматы, Шымкент мегаполистері, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 42 команда жиналды. Жалпы 200-ден астам жас қарым-қабілеті мен дарынын сынады. Университет студенттерінен бастап мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының мамандары, ҮЕҰ өкілдері, кәсіпкерлер, журналистер белсене қатысты.
Екі күнге созылған тартысты ойында іріктеуден тапқырлығымен үздік атанғандар жартылай финалда өзара бақ сынасты. Финалдық ойынға облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы арнайы қатысып, жастарға демеу бола білді. 4 топтың сайысына куә болдық. Расында ой жарысында сүрінбейтін, бойында пайым-түсінігі жоғары, шапшаң, ізденісі бар жастарымыздың көп екеніне тағы да көзіміз жетті.
Біз шет мемлекеттерде өтетін зияткерлік сайыстарына жастарымызды дағдыландыруымыз керек. Ал, ол үшін осындай пайдалы әсіресе жастар арасында ұйымдастырылатын сайыстарға қолдау көрсетілетін болады. Облыс әкімінің оң көзқарасы жастарға одан сайын қанат бітіргені сөзсіз.
Сайыс нәтижесінде Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының «ВВС» командасы бірінші орынды иеленді. Алматылық топ екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орын шымкенттік командаға бұйырса, төртінші орынды түркістандық жастар қанжығалады. Одан бөлек, жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталса, номинация иегерлері мен үздік қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын.
Ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ізін жалғап, ғылымға құштар, белсенді жастарымыздың басын біріктіріп, интеллектуалды, мәдениетті ортаны қалыптасыруды жалғастыруымыз қажет.