Сауран ауданында республикалық дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтті. Акция аясында мемлекеттік білім беру қорынан 578 оқушының ата-аналарының есепшоттарына әр балаға 40 567 тенгеден бөлінді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 112 оқушы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Дәстүрлі науқанға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндерге оқуда озат болып, үлгілі оқушы атануларына тілектес екенін жеткізді.
— Әрбір бала үшін мектепке дайындық ерекше сәт. Өкінішке орай, бәрінің де мектепке қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. «Мектепке жол» акциясына қатысып, көмек көрсеткен барша демеушілерге алғысымды білдіремін. Мұндай игі істер жыл бойы жүргізіліп, қайырымдылық көмектер жалғасады деген сенімдемін, — деді аудан басшысы.
Жаңа оқу жылында Сауран ауданында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 5 «Жайлы мектептің» құрылысы басталған. Акцияда ️кәсіпкерлер тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, мектеп формасы, спорттық киім, оқу құралдарын төмен бағада сатылымға шығарды.
Жаңа оқу жылына жалпы облыстық бюджеттен әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 2500 ден астам балаға, мұнан бөлек аудан әкімі Азат Оралбаевтың арнайы тапсырмасымен дербес бөлімдер, ауыл әкімшілігі мен кәсіпкерлер тарапынан да балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектермен қамтамасыз етілді.
Бұл реткі «Мектепке жол» республикалық жәрмеңкесінің мақсаты – оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.
Жәрмеңкеге 100 шақты жеке кәсіпкердің тігін фабрикасының дайын өнімдері, Шымкент қаласының «АвтоНұр» сауда орталықтарының өкілдері, сондай-ақ, аудан орталығындағы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер күзгі оқу маусымына қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен және тағы басқа тауарларын 20-30 пайыздық жеңілдікпен ұсынды. Айта кетерлігі, аталған науқандық акция осы уақыт аралығында ауданның барлық ауыл окургтері мен ауыл, елді мекендерінде жалғасын табуда.