ТҮРКІСТАН: «ФАРАБ» КІТАПХАНАСЫНДА БЕЛГІЛІ СПОРТ ЖУРНАЛИСІ НЕСІП ЖҮНІСБАЙҰЛЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістандағы облыстық «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында белгілі спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлымен «Ғаламды шарлаған қалам» атты еркін форматта шығармашылық кеш өтті.
Несіп Жүнісбайұлы, спорт журналисі, жазушы, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы һәм Жоғары ұлттық дәрежедегі төрешісі, спорт тақырыбына жазылған бірнеше кітаптың авторы. Несіп Жүнісбайұлы 1994 жылдан 2006 жылға дейін қазақ журналистері арасынан алғаш болып Азия спорт журналистері одағы атқару комитетіне, Азия олимпиадалық кеңесінің баспасөз комитетіне мүше болып сайланған, көрнекті спорт қайраткері.
Кездесу барысында Несіп Жүнісбайұлы қазақ спорты, спорт журналистикасының мәселелері туралы келелі ойлар қозғады. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем чемпионатының сайыпқыран спортшылары, спортта аты көпке мәлім аңыз адамдар, «Намыс» ұлттық футбол клубын құру тарихы жайлы қайталанбас естеліктерімен бөлісті. Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов туралы естелік айтып, ерекше толқыды. Олимпиада ойындарындағы қызықты сәттер туралы ой қозғады. Сонымен бірге Түркістанның тарихтағы маңызына тоқталып, шежірелі шаһардағы оң өзгерістерді жоғары бағалады.
Шара соңында Несіп Жүнісбайұлы кітапхана қорына өз қолтаңбасымен «Бас иемін» және «Ережесіз белдесу» атты кітаптарын сыйға тартты. Оқырманмен емен-жарқын кездесу өткізгені үшін кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова мен кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді.
Кеш иесіне кітапхана тарапынан «Түркістан» ақпараттық кітабы мен Ахмет Ясауидің мөрі басылған кәдесый тарту етілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *