1 қыркүйек күні Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл — қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиды. Аталған оқу орнында аудан оқушыларынан бөлек еліміздің түпкір-түпкірінен оқушылар келіп білім алады. 600 орындық мектепте 300 оқушы бар. 37 педагог жұмыс істейді.
Білім нысанында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық мүмкіндіктері бар. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында арнайы видеокамералар мен Face ID орнатылған.
Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 жекеменшік мектеп ашылу жоспарланса, оның 6 мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Ата заң күніне орай, Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев пен бөлім басшысы Дәулет Анасұлы арнайы барып қатысып, лентасын қиып, ішін аралап көрді. Оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, ақ жарма тілектерін жеткізді.
Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы 2022 жылы басталған. 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында үлкен дәліз, кітапхана бойынша оқу залы бар.
Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме,кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.