ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА «АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» 51 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылында пилоттық жоба аясында 71 өтініш түсіп, оның 51-і мақұлданған. Түркістан облысында аталған жоба арқылы кәсіп бастағандар қатары күн санап артып келеді. Сонымен қатар оң қорытынды алған және 80,8 млн. теңгеге бағаланған 13 жоба жылыжай шаруашылығы болса, 208,25 млн. теңгеге мақұлданған 37 жоба сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға, ал 27 млн. теңгенің жобасы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосуға бағытталған.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажет. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек.Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады.Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек.Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында аудандағы Ж.Ералиев ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, несие алуға ниетті шаруалармен тілдескен аудан әкімі тұрғындарға бағдарламаның тиімді тұстарын түсіндірді.

– Өңір тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша тиімді әрі мақсатты пайдалануға шақырамын. Жаңаша, сұранысқа ие кәсіп ашып, табыстарыңызды арттырыңыздар. Аталмыш жоба бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген, – деді аудан басшысы Серік Мамытов.

Аталған бағдарламамен жобасы мақұлданып, 5,8 млн. несие алған тұрғынның бірі Бахадур Булишов бүгінде ауыл шаруашылығы саласын нағыз кәсіп көзіне айналдырып отыр. Ол 70 сотық жерінің 30 сотығына қауын, 25-не болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотығына жылыжай арқылы қияр егіп келген кәсіпкер алатын несиесіне 0,15 гектар жерге жылыжай салып, кәсібін кеңейтпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *