ТҮРКІСТАННАН ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШКЕН АЗАМАТТЫҢ 20 ГЕКТАР ЕГІСТІГІ БАР

Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тумасы Тулкинжан Юсантаев осыдан 4 жыл бұрын Павлодар облысы, Успен ауданының Константиновка ауылына қоныс аударған. Бала күнінен егін шаруашылығының қыр-сырын меңгерген Тулкинжон Юсантаев қазіргі таңда 20 гектар аумаққа егін егіп, ол жерден алған өнімін саудалап отыр.

Топырағы құнарлы, ауасы таза ауылда пияз, тұрып, асқабақ, қырыққабат пен қарбыз еккен. Негізгі өнімі картопты апта сайын жәрмеңкелер арқылы сатып, қазіргі таңда шаруа 50 тонна ғана өнім қалғанын айтып отыр. Алдағы уақытта егістік көлемін арттыру арқылы өнім көлемін де молайтуды жоспарлап отыр.

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Көксәйек елді мекенінде туған Нұрсұлтан Қаппаров осыдан 6 жыл бұрын 2017 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауылына көшіп барған. Суық жер деп жатсынбай бара салып еңбекке кіріскен. Әуелі ауылға қажетті кәсіп түрлерінен бастаған. Мемлекеттік грант есебінде төмен пайызбен несие алып, ауылда шаштараз ашып, бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтыған. Кейін самса пісіріп, сататын орын дайындайды. Қос кәсіптен жақсы пайда тапқан кәсіпкер ауыл аймағында дәмхана мен көлік жуу бекетін ашқан. Осылайға ол бүгінде 10-нан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта көлік жөндеу орталығын ашпақ ниетте.

Нұрсұлтан Қаппаров бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қаппаровтар отбасы биыл оңтүстіктен тағы 10 отбасының көшіп келуіне себепші болған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шарбақты ауылына күнгей өңірден тағы 10 отбасы келмек.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыс­тарында медицина, білім, көлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары және өзге де бағыттар бойынша мамандар тапшы. Жәрмеңкеде облыс тұрғындарына ұсынылған салалар бойынша солтүстік аймақтарда тұ­рақты жұмысқа орналасуға мүм­кін­дік көп екені айтылды. Қоныс аудар­­ғандар жұмыспен қамтылуымен қа­тар, ауыл шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысу үшін жер алып, өз істерін аша алады. Мұнан бөлек, азаматтардың әлеуметтік тұр­мыс жағдайына да ерекше мән бері­ліп, түрлі қолдаулар жасалады. Мәсе­лен, қоныс аударуға отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК, яғни 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек бері­ле­ді. Тұрғын үйді жалға алу мен ком­му­налдық қызметтер ақы төлеу жөнінен шығыстарды өтеу бойынша ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай көмек көрсетіледі.

Айта кетелік, «Қуатты өңірлер – ел да­муының драйвері» жобасы аясында Түркістан облысынан жұмыс күші жетіспейтін солтүстік аймақтарға 2015-2022 жылдар аралығында 11 892 адам көшкен. Былтыр республика бойынша бөлінген 6 587 квотаның 32,3 пайызы Түркістан облысында игеріліп, 2021 адам қоныс аударған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *