ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 17 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін арттыру мақсатында жол жөндеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келеді.

Басқарманың тапсырысымен Түлкібас ауданындағы жалпы ұзындығы 16,7 шақырымды құрайтын 2 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-65 «Тастұмсық-Майтөбе-Түлкібас» автомобиль жолының 0-9,6 шақырымы және КХ-69 «Тастұмсық-Жыланды-Азаттық-Шұқырбұлақ» автомобиль жолының 18-25,1 шақырым аралығы жөндеуден өткізіліп, нысандар пайдалануға берілді.
Жоспарға сәйкес, нысандардағы ескі асфальт жабыны толығымен жаңартылып, елді мекен ішіне аяқжолдар салынды. Сонымен қатар, қауіпсіз жол жүрісін қамтамасыз ету үшін жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ, жауын-шашын кезінде асфальт жабындысын шайып кетудің алдын алу үшін 9 жерде су өткізгіш құбырлар ауыстырылды.

Айта кетейік, жұмыстардың сапасы үнемі бақылауда болып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілген.
Түркістан облысы аумағында 2023 жылы жалпы 1586,4 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Жыл қорытындысымен 1282,6 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.

Қазіргі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64 шақырымдық жолдың 35 шақырымында жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жаңа жол биыл қыркүйек айында толық пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Сауран ауданының Қарнақ, Ойық, Шоқтас ауылдарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын және Шорнақ, Майдантал елді мекендері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне шығатын 76 шақырым облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда 24,2 шақырымы аяқталып, қалған нысандар биыл жыл соңында толық пайдалануға беріледі.

Бұдан өзге, Түлкібас ауданының Машат, Ынтымақ, Азаттық, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 32,7 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын, сондай-ақ Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қосатын 152 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса, Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар, Көкібел, Жігерген елді мекендерін жалғайтын 17,9 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласындағы Қапланбек-Жібек жолы елді мекендерін жалғайтын 10,6 шақырым автомобиль жолына және Келес пен Шардара ауданын жалғайтын 29 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл өңірде облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы 3 көпір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *