ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА «ТӘРБИЕЛІ ЖАСТАР-ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ

Шардара ауданында жастарға арналған форум өтті. Сервистік модель аясында өткізілген форумға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудан прокурорының орынбасары Сабит Нұрақым, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы және ауданның белсенді жастары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шара барысы әнұранмен бастау алып, түрлі сахналық қойылымдар мен патриоттық әндер шырқалды. Аталған форумда аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жастардың тәрбиесіне қатысты пікір білдірді.

— Жастар қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жастарға өнегелі тәрбие беріп, жоғары білім нәрін құю бұл болашағымыздың жарқын болуының кепілі дер ем. Бүгінгі таңда мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуы үшін көптеген қолдаулар көрсетуде. Биыл жас буынның кәсіппен айналысуы үшін 2,5 пайыздық несие беру қарқынды жүруде. Жастардың әлеуметтік жағдайы көтерілсе ел экономикасы көтерілетіні анық. Сонымен қатар спорт, мәдениет, білім салалары да қарқынды дамуда. Мемлекет жастарға әрқашан қолдау көрсетуге дайын, — деді Қайрат Жолдыбай.

Жиын барысында С.Нұрахым, Ш.Әділханұлы, Қ.Ілесов және Т.Бердібеков жастар тәрбиесі жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Осыған дейін, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасы негізінде Жетісай ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің, аудан прокуратурасы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Қауіпсіз қоғамдағы жастардың келбеті» атты аудандық жастар форумы болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «РосАзияНефть» ЖШС құрылтайшысы Талғат Қаржауов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, аудандағы арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы мен ардагерлер қатысты. Еркін форматта өткен форум барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа, кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік желі арқылы буллинг жасамау, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

Ұсыныс-пікірлер тыңдалды. «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей, не жанама көздейтін құқықтық актілердің жүзеге асуын аға буын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бүгінгі жиын тек формальды түрде ғана емес, сіз бен біздің ашық пікір алмасуымыздан тұруы тиіс. Заман көшіне ілесіп өмір сүру үшін тынымсыз ізденіс пен білім керек. Өйткені, біз өмір сүріп отырған қоғам – үнемі үдерістер мен технологиялар қоғамы», — деген Марат Фаритұлы білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызына тоқталды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *