ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМДІГІНДЕ КІТАПХАНА АШЫЛДЫ

Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының бастамасымен «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында Бәйдібек ауданы әкімдігінің ғимаратында жылжымалы кітапхана пункті ашылды.
Кітап сөресіне аудандық орталықтандырылған кітапхана қорындағы әдеби, саяси, дінтану, өнер, тарих, шетел әдебиеті, философия, психологиялық бағыттағы жалпы саны 200-ден астам кітап қойылған. Оқырман сұранысы бойынша сөредегі кітаптар жаңартылып отырады.

Жоба мақсаты – билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітапқа қолжетімділігін арттыру.
Еске салсақ, Түркістанда «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті ашылған еді.
Мұнда мемлекеттік қызметшілер, «Ашық әкімдікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Азаматтар тұрақты түрде қалаған кітабын оқиды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітап тізімін жасауды тапсырды.

Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.

Жалпы облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *