СОЗАҚ: ЕГІНІН ЖИНАП, МАЛ БАСЫН АРТТЫРҒАН ШАРУАЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Бүгін аудан орталығы «Даңқ» саябағы алдында «Алтын күз-2023» ауыл шаруащылығы саласын қорытындылаған жиын өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді.

Мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.
-Ауыл шаруашылығы ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Жоғарғы кәсіби шеберлікпен еңбек етіп, ата- бабадан келе жатқан бұл саланы табысты қорытындылап отырсыздар,- деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1 орын, Жартытөбе ауыл округ әкімдігі 2 орын, Созақ және Құмкент ауылдық округ әкімдігі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Тасты ауылдық округ әкімдігі марапатталады.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін озат шаруалар «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мырзахан Назаров, «Жаңабай» шаруа қожалығының төрағасы Жүнісов Спандияр, , «Пернебай» шаруа қожалығының төрайымы Әбілқасымқызы Спандияр, «Алманат» шаруа қожалығының төрағасы Омар Іргебай, «Шегебай» шаруа қожалығының төрағасы Оспанов Қайырбек, «Қайдауыл» шаруа қожалығының төрағасы Төлепбаев Бекдауыл, Таукент кент округінен жеке кәсіпкер Қаншайым Есенгелдіқызы, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ақберген Аманәліұлы, «Созақ үні» газетінің журналисті Данияр Бек, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы ЖШС-нің өкілі Ғалым Сембекұлына аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Жақыпбекев шаруаларды құттықтап, марапаттады.

Жиын соңы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. Осы жылы 14 393 га егіс егілді. Оның ішінде: 310 га бидай, 1049 га арпа, 769 га жүгері, 1265 га мақсары, 494 га картоп, 482 га көкөніс, 482 га бақша, 1996 га жаңа жоңышқа, 7516 га өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды.

Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеруде. 5,2 га жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 га жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 га жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.

Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 млн. теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 млн.теңге жеңілдетілген несие алды.
Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *