ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯ ЖЕЛ МЕН КҮН СӘУЛЕСІНЕН ҚУАТ АЛУҒА ҚОМАҚТЫ ИНВЕСТИЦИЯ САЛМАҚ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Energy China International Group Басқарма төрағасының орынбасары Сюэ Даньфэнмен кездесті. Тараптар елде және шетелде жүзеге асырылатын жаңартылатын көздерден энергия өндіруге негізделген жобалар және энергия саласында атқарылған жұмыстар бойынша пікір алмасты. Түркістан облысында қолданыстағы қуат көздерін барынша жаңартып, электр энергиясын өндірудің жаңа, мейлінше тиімді көздерін пайдалану бойынша жаңа жобалалар жүзеге аспақ. Бұл бағытта еліміздегі баламалы энергетика мүмкіндіктерін пайдалану үшін жел мен күн сәулесінен жарық өндіруге қатысты жобалаларға басымдық беріледі.

«Energy China International Group» компаниясы әлемдегі жасыл энергетика және төмен көміртекті энергетика саласында 20 бағытта әртараптандырылған қызмет жүргізеді және Қытайдағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі. Дүниежүзі бойынша 6 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Пәкістан, Вьетнам, Бразилия және өзге де мемлекеттермен жұмыс жүргізеді. Түркістан облысында электроэнергетика саласына, жарық жүйелерін модернизациялауға, гидро, газ, электростансалар салуға ниетті.

СЮЭ ДАНЬФЭНМЭН- Energy China International Group Басқарма төрағасының орынбасары
– Түркістан облысының болашақ жоспарлары бізді қызықтырады. Біздің елде мемлекет тікелей басқаратын 90 компания бар. Олардың ішінде біздің компаниямыз да бар. Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарда тұрған 500 ең ірі компанияның ішінде біз 256-шы орында тұрмыз. Яғни, энергетикалық жаңа технологиялар бойынша біз әлем бойынша алдыңғы қатардамыз. Энергетика саласындағы құрылыс жұмыстарын жасаймыз. Қытайдағы тоқ жүйелерінің 80% -ын біздің компания жүзеге асырған. Сондықтан осы саладағы тәжірибемізді Түркістан өңірінде жүзеге асыруға дайынбыз.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы «жасыл энергетиканы» дамытудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы жайлы атап өтіп, Қазақстандағы жаңартылған қуат көзін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Облыс әкімі шетелдік инвесторларды Түркістан облысының әлеуетімен таныстырып, бірқатар жобаларға тоқталды. Компания басшылығы өзінің озық тәжірибесіне сүйене отырып, осы салалардағы Түркістан өңірінде іске асырылып жатқан жобаларға қатысу ниеті туралы мәлімдеді. Осы орайда желден және күн сәулесінен жарық өндіру саласына 700 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын.Тараптар талқылаған жаңа жоба табиғатты қорғауға қосар үлесімен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер алып келмек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *