ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ ӨТЕШ ҚЫРҒЫЗБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Бүгін “Мыңжылқы” мәдениет үйінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Өтеш Қырғызбаевпен кездесу кеш өтті.

Кеш кейіпкерінің өмірі мен шығармаларына арналған бейнебаянмен бастау алған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, бойындағы бірнеше дарынымен танылып келген, саналы ғұмырын жазушылыққа арнап, ұзақ жылдар бойы ұшқыр қаламымен талай дүниелерді қамтып, проза жанры мен журналистика саласында із қалдырып, қазақ елінің әдебиетіне, мәдениетіне үлкен үлес қосып жүрген жерлесіміз Өтеш Өтеуліұлына ақ тілегін жеткізіп, құттықтау хат пен сый-сияпатын табыс етті.

Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, кеш кейіпкерінің шәкірті Дәулет Тұрсынұлы және университет қабырғасында бірге білім алып, облысымыздың айнасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған Суханберді Оразалиев ұйымдастырылған шараның маңыздылығына айрықша тоқталып, кештің басты кейіпкеріне ыстық ықыласын білдірді.

Шараны ұйымдастырушы барша азаматтарға алғыс айтып, Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы атынан арнайы құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.
Тағылымды шараға арнайы келген Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков әдебиет әлемінде халықтың қадір – қасиеті арқылы кестеленген шығармалары мен аудан тарихы жайында әңгіме өрбітіп, кеш кейіпкеріне айрықша сый-құрметін білдірді.

Өтеш Өтеуліұлының туыстары ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, Үрзада Тоқбергенова мен ардақты ана Әсия Әбжанқызы ізгі тілектерін арнады. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Байділда Айдарбеков өлең жолдарын арнап, алдағы күндеріне шығармашылық табыстар тіледі.
Шара соңында Өтеш Қырғызбаев түлеп ұшқан ұясы, алтын бесігі Созақ жеріне деген сағынышын жеткізіп, «Телқоңыр» тарихи романының тұсауы кесілді.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, келген қонақтар фойеде қаламгер жерлесіміздің шығармашылығына арналып қойылған көрмені тамашалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *