ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАТАҚХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ЗАҢДЫ МА?

27-ақпан күні Шымкент қаласындағы Тыныбаев көшесінің №1-үй тұрғындары өздері заңсыз құрылыс санайтын нысан үшін шағымдарын айтуға бізді шақырды. Аталған жерге тұрғындардың уәжін тыңдауға Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан Әлімжан Ілісбеков, Әл Фараби аудандық әкімшілігінің кәсіпкерлік бөлімінен Гүлшат Қанат, қала мәслихатының депутаты Төреайым Сұлтанова, «Amanat» партиясының Әл Фараби аудандық филиалының хатшысы Мақсат Әбдікәрімовтер келді.
Алғаш бізге сұхбат берген тұрғын Гүлдана Нұриддинова:
— 2016 жылы үйіміздің артынан біреулер құрылыс бастамақшы болды. Біз әкімшілікке шағымданғанда құрылыс жұмысы тоқтап қалды. Сөйтсек, ғимарат салушының құжаты жоқ болып шықты.
Одан кейін 2021 жылы тағы да құрылыс жұмыстарының нышаны байқалды. Сол уақытта да тиісті орындарға шағымданып жұмысты тоқтаттық. Әйтсе де, ақыры жаңа нысанның іргетасы 2023 жылы құйылып басталған. Бізді тыңдамай тірлігін жалғастырушы жақпен әр кездескенде түрлі адам келеді. Олар қолға алған істерін заң бойынша атқарып жатқандарын айтты. Құрылыс жұмыстарын заңға сәйкес атқарса жалғастыра берсін. Бізде құрылысқа қатысты заңды көрдік. 3 қабатты нысанның көрші ғимаратпен арақашықтығы 15 метрден кем болмауы керек екен. Ал 5 қабатты нысан ғимараттан 20 метр әріден тұрғызылуы қажет. Бұлардың салып жатқан ғимараттары үйімізге тым жақын. Үйімізге күн сәулесі де түспейін деп тұр. Сақтасын, егер өрт оқиғасы орын алса, отты сөндіретін көлік те бұл араға келе алмайды», — деді күйініп.
Мұнан кейін Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан келген бөлім басшысы Әлімжан Ілісбеков біздің сұрағымызға орай:
— Бұл жағдай бойынша құрылыс жүргізуші кәсіпкер мен біздің басқарма арасында эскиздік жоба келісілген. Келісім құжаты 2023 жылы 27-маусымда берілген. Нобайлық жоба бойынша бірінші блоктағы ғимарат — 3, екінші блоктағы ғимарат 5 қабатты. Ал Әл-Фараби аудандық әкімшілігінен келген қызметкер эскиздік жобаның «ГАСК-ден» өткенін айтты, — деп тоқтады.
Ал «Amanat» партиясының Әл Фараби аудандық филиал хатшысы Мақсат Әбдукәрімов өз кезегінде аталған құрылыс жөнінде тиісті орындарға хат жолдап, солардың жауабына жүгінетінін ғана жеткізді. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Төреайым Сұлтанова әзірше бірер күн құжаттармен танысып, істің ақ-қарасын білгісі келетінін білдірді.
Мәселе қалай шешіледі, оны алдағы уақытта көре жатармыз.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

журналист

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *