Нью-Кларк-Сити қаласында өтіп жатқан ХІ Азия чемпионатының екінші күнінде су спортшыларымыз 8 алтын, 2 күміс иеленген. Бір-ақ күнде 10 медальға қол жеткізіп, ел даңқын асқақтатқан спортшылардың қайсысы, қай спорт түрінен жетістікке жеткенін айта кетсек. Жүзуде А тобындағы Әділбек Мусин 100 метр қашықтықта жарыстың баттерфляй түрінен топ жарды.
Ал Аделаида Пчелинцева жүзудің брасс түрінен 50 метр қашықтықта бірінші болып келді.
Софья Сподаренко болса, баттерфляй тәсілмен 100 метр қашықтықта алдына жан салмады.
Диана Тасжанова жүзудің еркін әдіс түрімен 1500 метр қашықтықта екінші болып мәреге жетті.
Мұнан кейін В тобындағы спортшыларымыз арасынан жүзудің брасс түрінен 50 метр қашықтықта Арсен Қожахметов алғаш болып мәреге жетті. Ал еркін әдіс түрінен 50 метр қашықтықта бақ сынаған
София Абубакирова жұлдыздай ағып үздік жүзгіш екенін дәлелдеді.
Максим Сказобцов болса, баттерфляй әдісімен 100 метр қашықтықта қарқынды жүзіп қарсыластарын қапыда қалдырды.
Ерлер құрамасында шыққан эстафеталық жарыста Егор Попов, Арсен Қожахметов, Максим Сказобцов, Даниил Черепановтар құрыштай құрама екенін дәлелдеп, алтынға қол жеткізді.
Ал еркін әдіс жүзуіне жалғыз шыққан Даниил Черепанов 50 метр қашықтықта екінші орынға табан тіреді.
Айтпақшы, суға биіктен қатар секіруден Диана Жұмағұлова мен Анабелла Кочкина көрнекті секіріп, алтынға қол жеткізді.
Жалпы Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының екінші күнінен кейін 21 медаль еншілеп отыр. Олардың 11-і алтын, 6-ауы күміс, 4-еуі қола. Алға, Қазақстан спортшылары.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Журналист