Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде салық-бюджет қағидаларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне баса назар аударды.
Оның айтуынша, басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы. «Кейінгі жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақмерзімді жоспар қажет. Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік-құқықтық база тұрақтылықты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз», деді ол.
Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі ішкі жалпы өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін палата биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отыр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану үшін дербестік берілген, бірақ қабылданатын шешімдер әрдайым тиімді болып отырған жоқ. «Кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асырып жатыр. Салдары – түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері. Анықталған қаржылық бұзушылықтар мен мемлекеттік ресурстарды тиімсіз басқару көлемі айтарлықтай. Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады», деді ол.