ТҮРКІСТАН: «ALASH PRIDE» ЧЕМПИОНДАРЫ ЖЕТІСАЙДА

Жетісай ауданына ережесіз жекпе-жектен «One Silat» және «Alash Pride» тұжырымының чемпионы Қаршыға Дәуітбек, «Alash Pride» тұжырымының чемпиондары Бағдос Олжабай мен Рүстем Құдайбергенов, спортшылардың менеджері Ернұр Төлебаев барды. Оларды аудан әкімі Серік Мамытов қабылдады.
Аталған шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев, Жетісай аудандық мәслихат депутаттары Елдос Ахметов пен Айбек Сұлтанмұрат қатысты.

–Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз бүкіл жетісайлықтардың жеңісі, еліміздің абыройы. Октагондағы жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Үлкен рухани күш, тынымсыз дайындық, отансүйгіштік қасиеттер бір арнаға тоғысқанда ғана жоғары нәтиже болады. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! Өздеріңіздей өр мінезді жігіттердің жеңісі – өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз, – деген аудан басшысы чемпиондарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ ережесіз жекпе-жектен өз салмақ дәрежесінде ел ішінде қарсылас шақ келтірмейтін спортшылар балалар мен жасөспірімдер арасында қазақтың жекпе-жек спорт өнерін кеңінен тарату, әлемдік деңгейде мәртебесін көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы дағдыны қалыптастыру мақсатында Жетісай қаласындағы «Күлбала» спорт кешенінде де болды. Жас спортшылармен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап берді. Мастер-класстар өткізіп, естелік суретке түсті.

Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мемлекет Басшысы халықтың денсаулығын сақтау, халықты спортпен айналысуға шақыру және салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстандықтарды салауатты өмір салтына жас кезінен үйретуде спорттық мектептердің рөлі орасан. Қазіргі таңда аталмыш мектепте спорттың 9 түрі бар, атап айтқанда каратэ (WKF), таеквондо, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі, кикбоксинг, бокс, грек-рим күресі, аралас жауынгерлік жекпе-жекпен мыңнан астам спортшылар шұғылданады.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *