ТҮРКІСТАН: ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫ АРҚЫЛЫ ӨТКЕН

Бүгін Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер әуелі Ескі Иқан ауылында орналасқан Жүсіп ата кесенесіне барды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Жүсіп ата — Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі шәкірті. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Кесененің іргетасында ғана көне қыштар сақталған. Кейін кесене табиғи жағдайлар салдарынан бұзылып, қайта тұрғызылған. Қазіргі таңда кесене маңында туристік орталық бар. Онда ауылдан шыққан Жүсіп ата, Тұғрыл ат-Атқани, Саийд Жалал ад-дин, Рахманқұл Бердібай сынды ғұламалар жайлы деректер сақталған. Тарихшы Марат Тұяқбаевтың айтуынша, Ескі Иқан – ғалымдар мекені. Кесене алдында өңірден шыққан оқымыстыларға ескерткіш-бюсттер орнатылған. Сондай-ақ, тарихшы Ескі Иқан ауылы арқылы Батыс пен Шығыс әлемін байланыстырған Ұлы Жібек жолы өткендігін ерекше атап өтті.

БАҚ өкілдері кейін ауылда орналасқан «AVICENNA-A» медициналық орталығының жұмысымен танысты. Жобаға жеке кәсіпкер А.Усманқұлов 2 млрд. 400 млн теңге инвестиция салған. Орталық заманауи соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Жан сақтау бөлімі бір мезетте 4 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар, физотерапия, оңалту, зертхана бөлмелері бар. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдай алады.
Кейін журналистер Сауран ауданы Оранғай ауылының тұрғыны Е.Досжановтың шаруа қожалығымен танысты. Ол «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 млн теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан 20 бас жылқы алып, бүгінде мал бордақылап отыр.

Баспасөз туры көне де тарихи Ескі Сауран қалашығында жалғасты. Тарихшылардың айтуынша, ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран болатын. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар екендігі айтылады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *