ТҮРКІСТАН: АРЫСТА «ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ» 10 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Арыста «Әжелер алқасының» 10 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шара қаламыздағы Ардагерлер орталығы алдындағы саябақта ұлттық құндылығымызды жаңғыртатын көрмеден басталып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер көрсетілді.

Көрмені тамашалауға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, Арыс қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қала ардагерлері қатысты.

Қазақ қоғамында «Әже» атауы қасиетті де қадірлі ұғым. Әже — немерелері үшін қамқоршы, тәлім-тәрбиенің бастауы һәм даналық көзіндей. Тарихқа көз жүгіртіп қарар болсақ, Ұлы Абайдан бастап көптеген тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыз алдымен әже тәрбиесін алып, әжелердің ертегісін тыңдап өскен. Әже тәрбиесі арқылы бойына ұлттық салт-дәстүрдің, өнер-білімнің, әдет-ғұрыптың барлығын сіңіріп, нағыз қазақи мінезбен тәрбиеленген. Бүгінгі күні де, әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің бастауы болып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың қайта жандануына үлес қосып жүр.

Көрмеге қалалық «Ардагерлер кеңесі» жанындағы «Әжелер алқасы» құрамындағы ақжаулықты асыл жандар өз қолдарымен жасаған қазақтың түрлі қол-өнер бұйымдары көрсетті. Ал «Ғасыр әжелер» тобы киіз үй тігіп, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Ақдала ауылынан келген «Айпара ана» тобы көшпенділердің ұлы мұрасы – текемет, киіз басу, алаша сынды ісмерліктерін көрсетіп, қошеметке бөленді. Тағылымы мол шарадан қаламыздағы этно-мәдени өкілдері де шет қалмады.

Олар өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, қонақтарға ұсынды. Ал, «Рәтәй қажы» тобы көшпенді қазақ халқының жаз жайлауға көшуінен көрініс жасап, көрмеге келушілерді таң-тамаша етті. Себебі, керуен көшін түйеден бөлек, төрт дөңгелекті арбаға жегіліп, әбзелмен әрленген ат бастап келді. Салт-дәстүрлер ұлықталып, тағылымды әңгімелер айтылған шараға қатысушылар ұйымдастырушылар мен ақжаулық әжелерге алғыстарын білдірді.
Бұдан кейін, Ардагерлер үйінің мәжіліс залында «Әжелер алқасының» 10 жыл толуына орай «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында келелі кездесу өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *