БӘЙДІБЕК: АУДАН БАСШЫСЫ МЫҢБҰЛАҚТЫҚ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСІП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Бекітілген кестеге сәйкес бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков түстен кейін мәдениет үйінде Мыңбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

— Бүгін өздеріңізбен биылғы жылы үшінші мәрте жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ең басты мақсатымыз тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Ағымдағы жылы Сіздермен 2 есепті кездесу өтіп, округтің маңызды бірнеше мәселесін көтердіңіздер. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспар жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда Мыңбұлақ елді мекеніндегі екі қабатты тұрғын үйдің кәріз жүйесін ретке келтіру мәселесі бойынша зерделеу жүргізіліп, елді мекендегі жер асты суы жақын болғандықтан (1,5-2 метр көлемінде) сарқынды сулар көктем мезгілінде тез толып қалатындығы анықталды. Су сорғыш арнайы техникалар арқылы мәселе туындаған мезгілде сарқынды сулар айына екі рет шығарылатын болып шешімі табылды. Мыңбұлақ елді мекенінің мобильді интернет (Beeline ұялы байланыс) желісінің жылдамдығын арттыру бойынша Beeline ұялы байланыс антенасы биік мұнараға орнатылып, 4G стандартындағы ұялы байланыс интернетімен қамтылды.
Қалған 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Мыңбұлақ елді мекеніне ауыз су мұнарасы мен жеке трансформатор 2024 жылдың бюджетінен қарастырылуда. Мыңбұлақ елді мекеніндегі «Бақыт» бала-бақшасының ғимаратын жөндеуден өткізуге (жылу жүйесі, шатыры, су жүйесі, жылу қазандығы, әжетхана т.б.) жоба әзірленіп салалық басқармаға ұсынылған. Облыстық бюджеттен қаржы қарастырылуы күтілуде, — деді аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков.

Кездесу жиынында округтегі көше жарығы мен электр қуатының төмендігі, бағаналарды ауыстыру, ішкі көшелерге асфальт төсеу, Ауыл «Аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алу, ойын алаңшалары салынса деген бірқатар ұсыныстар мен өтініштерін жеткізді.

Тұрғындардың қойған сұрақтары бойынша аудан әкімі және мекеме, бөлім басшылары жауап беріп, уақытты талап ететін бірқатар мәселелер назарға алынды. Жауапты бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округі әкіміне тапсырма берді.
Мыңбұлақ ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, барлық бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *