ТАЙҚАЗАННЫҢ ТҮРКІСТАНҒА ОРАЛҒАНЫНА 34 ЖЫЛ!

1989 жылы 18 қыркүйек күні дәл осыдан 34 жыл бұрын еліміздің тарихи жәдігерлерінің жауһарына айналған тайқазан Түркістан қаласындағы Ясауи кесенесіне қайта оралған болатын.
1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі Эрмитажға Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18 жұлдызында ғана тарихи отанына оралады. Бұл істе мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.

Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Кесенені салдырған Көреген Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25-маусымда, ( хижр. 801 жыл, 20-шәуәл) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр. Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар барысында табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөледі.

Біріншісі — «сақтық», конусты қазандар, екіншісі тұғырсыз қазандар. Түркістандағы «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, дәуірлерінен бері жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары қойған әлігі социумдар үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Мұндай түсінікті ауыз әдебиеті нұсқаларымыздың беттерінен көп кездестіруге болады. Мысалы, дауылпаз ақын Махамбеттің шығармаларында «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп келетін жерлері бар. Ал, төңкерілген қазан болса керісінше, нәубеттің, қасіреттің образы болып есептелген. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі саналса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Мұндай алып қазандар, заманында билеушілердің, лауазымды әскер басылардың қабіріне қойылатын болған. – «Бұл қәбір иесінің ауқатты, жоғарғы топтпан болғанынан хабар береді», – дейді ғалымдар. Ал, Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметіне қарағанда мұның мәні тіпті тереңде екенін аңғаруға болады, – «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әр қайсына садақтарының бір-бір ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды». Көшпенділердің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ, мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше, мұны жасауға сансыз жауынгер қатысып, әрқайсысы өз үлесін қосқан. Алып келген садағының ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өзі де осы тайпаның сондай бөлшегіне айналып, тайпаның бірлігінің, беріктігінің кепіліне айналып отыр.
Алты ғасырлық мұра Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде орналасқан. Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25-маусымда Түркістан қаласының батысындағы Қарнақ елді мекенінде асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы — 2 тонна, сыйымдылығы — 3000 литр. Қазандағы үш қатар жазудың біріншісінде оны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *