ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА БИЫЛ 9 ЕЛДІМЕКЕН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛAДЫ

Мақтаарал ауданында қазіргі таңда 68 елді мекеннің 36-на көгілдір отын қолжетімді. Биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Дихан елді мекеніне газ құбыры тартылып жатыр.

Дихан елді мекеніндегі газ жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылы басталған. Жауапты мердігер мекеме биыл ауыл халқын көгілдір отынға қосу үшін нысанды уақытылы аяқтайтынын айтады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында газбен қамтылған елді мекендер 52,1 пайызды құрап отыр. Қолданыстағы автоматты газ тарату станциясының қуаттылығы толығымен пайдалануда. Бұдан бөлек, қосымша қуаттылығы сағатына 50 мың текше метрді құрайтын «Мақтаарал» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Жалпы ауданда биыл 9 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады. Бұл қосымша 1 616 абонентті қосуға мүмкіндік береді, яғни аудандағы газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады.

Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Биыл 103 нысанның құрылысына 16,5 млрд.теңге бөлінді. 68 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, 122 мыңға жуық тұрғын мекен еткен 57 елді мекенге газ тартылады. Қалған 35 нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларымен аймақты газдандыру деңгейін арттыру мен бұл саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Оларды шешу жолдары ұсынылды.

2023 жыл қорытындысымен газ тұтынушылар саны 1 млн. 659 343 абонетке (78,3 %) жетеді. Осылайша өңірдегі 833 елді мекеннің 522-і газбен толық қамтылады. Алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі.

Өңірде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, қайта іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары жүргізілуде. Басқосуда салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмыстарын баяндады. Облыс әкімі жұмысты жандандыруды, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді.

— Стратегиялық тұрғыда маңызды, газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Қараусыз қалған нысандар қайта іске қосылу керек. Газ кіргізу жұмыстарын да мейілінше жылдамдату қажет. Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширату керек. Бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданындағы «Жетісай», «Киров» АГТС-терінің құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосылу жұмыстары жүргізілуде. Дәл осы секілді бірнеше ауданда газ таратушы желілерді жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлеккеттік сараптамадан 96 жобаның оң қортындысы алынған. Оларды қайта қалпына келтіруге қаржы қарастырылуда.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Созақ ауданында газдандыру құрылысына бюджеттен 1,5 млрд.тг. бөлініп, 2 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығы Шолаққорған елді мекенінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Табиғи газ жүйесіне қосылу үшін АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын толық аяқтауға республикалық бюджеттен 411,1 млн.тг. қаржы бөлу қажет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *