ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ЖЫЛДАМ ДАЙЫНДАЛАТЫН КЕСПЕЛЕР ӨНДІРІЛЕДІ

Қазығұрт индустриалды аймағында тамақ өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Табиғи ауыз сулар мен жеміс сығындысынан дайындалған шырындармен қатар аймақта жылдам дайындалатын кеспелер де шығарылып жатыр. Арнайы қапталған кеспелер Орта Азия елдері, атап айтқанда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресей және Латвия, Литва, Эстония, Германияға экспортталып жатыр.

2019 жылы қызметін бастаған кәсіпорын 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Жылына 2 700 тонна өнім шығарылады. Дайын тағамның жарамдылық мерзімі — 1 жыл. Айта кетерлігі, өндіріс орны тапсырыс берушінің өз маркасымен де өнім шығару ісін қолға алған.

Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол.

Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие.

Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га – Оранғай, 180 га – Түркістан, 35 га – Кентау) және әуежай (967 га).

Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *