ТҮРКІСТАН: “ҚАЗЫҒҰРТ” БРЕНДІМЕН КІР САБЫН ӨНДІРІЛЕ БАСТАДЫ

Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылдық округінің тұрғыны Айдос Сарыбай мемлекеттік бағдарламамен 1 млн. 300 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кір сабын өндіретін жеке кәсібін ашқан.

Ол өз кәсібін бастау үшін Тараз қаласында сабынды өндірудің әдісін үйреніп, арнайы құрылғы сатып алған. Өндірістің басталғанына көп уақыт болмаса да өнімге деген сұраныс күн сайын артып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, тәулігіне 1 мың данаға жуық кір сабын дайындалады. Қазіргі таңда 250 граммдық сабынның бір данасын 150 теңгеден саудалап отыр.

Айта кетсек, ауданда кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба аясында 2023 жылы жалпы 50 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ауданда 73 жобаға 365 млн. теңге несие берілген.

Еске салсақ, биылғы жолдауда мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Ал мемлекеттік органдар кейде асыра сілтеп, бизнесті дамытуды тежейді.

«Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет», — деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Президент құқық қорғау органдарына ескерту жасаған — ды.

«Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе», — деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Тоқаев жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесетінін жеткізді. Сол жерде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелері мұқият талқыланады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *