ОРДАБАСЫ: ҰРПАҚ ТӘРБИЕГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ ЕШ УАҚЫТТА ӨЗ БАҒАСЫН ЖОҒАЛТПАЙДЫ

Бүгін аудандық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бірлік пен татулық мекені – Ордабасы ауданында «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында облыстық көшпелі семинар өтті.
Алқалы жиында Ордабасы аудандық Ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесі облыс деңгейінде көпке үлгі ретінде арнайы көрме арқылы көрсетілді.

Тағылымы мол шараға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, сондай-ақ, аудан-қалалардан келген ардагерлер мен әкімдік өкілдері қатысты.

Әуелі іс-шара қатысушылары халқымыздың тегін құраған үш жүздің басы қосылған қасиетті Ордабасы тауына жиналып, «Бірлік» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына бағыштап құрбан шалып, тағызым етті.
Семинар жұмысына сәттілік тілеп сөз алған аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы сырлы Созақ ауданында өткен шараның Ордабасыда жалғасын табуын тархи сабақтастық деп бағалады. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей қатысты жиын жұмысына сәттілік тілей отырып, ұрпақтар сабақтастығымен бүгінге жеткен салт-дәстүрімізді жастарға түсіндіруге арналған кеңес олардың рухани тұрғыда кемелдене түсуіне септігін тигізетіндігін айтып өтті.
Көшпелі жиын қонақтары Ордабасы тауынан соң аудан орталығы – Темірландағы жаңадан салынған «Ана мен бала» аллеясының ашылу салтанатына қатысты.

Әлемді тербеткен аналардың құрметіне тұрғызылған аллеяда облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз алып, ұрпақ тәрбиесіндегі ана рөліне ерекше тоқталып өтті.
«Бүгін алдымызда тұрған міндет – ұрпақ тәрбиесіне жаңа бағыт, жаңа көзқарас, жүректен-жүрекке жететін әртүрлі тақырыпта қойылым ұйымдастыру арқылы жаңа тәрбиенің формасын өмірге ендіру. Әрине, бұл өздігінен бола қоймайды, көп еңбекті, қаржыны қажет етеді. Десе де, тәрбиеге салынған инвестиция еш уақытта өз бағасын жоғалтпайды», деді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы өз сөзінде аудан тұрғындарының демалысына қолайлы шарт-жағдай жасаған аудан басшыларының жұмысын оң бағалап, көпке үлгі етті.

Мұнан соң қонақтар аудандық Мәдениет үйінде ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасып, өзара пікірлесті.

«Ұрпақ тәрбиесіндегі — бетбұрыс» атты көшпелі семинарда қазыналы қарттар ұрпақ тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды.
Келелі кеңес соңында ел ертеңі – жастарды тәрбиелеуге арнаған «Жарық дүниеде жалғызбын» атты сахналық қойылым көрсетілді.

Семинар жұмысы қорытындыланған соң қатысушылар Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына экскурсия жасап, күш атасы – Қажымұқан атамыз жайлы түсірілген деректі филімді тамашалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *